Facebook-тің бас компаниясы АҚШ сотында жеңілді: Meta 567 млн доллар өтемақы төлейді

АҚШ-тағы сот әлеуметтік желілердің жастар психикасына әсеріне қатысты маңызды шешім шығарды. Компания бұл үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.

7 Тамыз 2026, 18:08
АВТОР
 pexels.com 7 Тамыз 2026, 18:08
7 Тамыз 2026, 18:08
151
Фото: pexels.com

АҚШ-тың Нью-Мексико штатындағы сот Meta компаниясын әлеуметтік желілердің балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына тигізген зиянын жою үшін 567 миллион доллар өтемақы төлеуге міндеттеді. Бұл туралы dpa-international агенттігі хабарлады.

Сот шешімін шығарған судья Брайан Бидшайд Meta платформаларын «қоғамдық қауіп» деп бағалап, компанияның қызметі қоғамдық денсаулыққа, қауіпсіздікке және тұрғындардың әл-ауқатына зиян келтіргенін мәлімдеді.

Судьяның пікірінше, Meta қазіргі таңда Нью-Мексико жастары арасында қалыптасқан психикалық денсаулық дағдарысының негізгі себепкерлерінің бірі.

Өз қаулысында ол Meta қызметін атмосфераға улы заттар шығаратын зауытпен салыстырды.

Сот Meta платформаларын зауытқа теңейді. Бұл платформалардағы жарнама мен басқа да контент – сол зауыттың өнімі болса, балалардың психологиялық зардап шегуі мен жыныстық қанауға ұшырауы – міндетті түрде жойылуы тиіс ластану, – делінген сот құжатында.

Қаулыда мұндай зиянның интернет кеңістігімен ғана шектелмейтіні атап өтілген. Оның салдары нақты өмірде де байқалып, балаларға, олардың отбасыларына, мектептерге, медициналық мекемелер мен құқық қорғау органдарына қосымша ауыртпалық түсіретіні көрсетілген.

Ал Meta компаниясының өкілі Энди Стоун сот шешімімен келіспейтінін айтып, компанияның апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Meta пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді және зиянды контент пен құқық бұзушыларды анықтау мен жоюдың күрделі екенін ашық айтып келеді.

Сот шешіміне сәйкес, бөлінетін 567 миллион доллардың 420 миллионы жастарға емдеу және психологиялық көмек көрсету қызметтеріне жұмсалады. Қалған қаражат ақпараттық-ағарту жұмыстарына, профилактикалық бағдарламаларға, скринингтік тексерулерге және басқа да шығындарға бағытталмақ.

Бұл сома осы іс бойынша Meta компаниясы биыл наурыз айында төлеуге міндеттелген 375 миллион долларлық өтемақыға қосымша болып отыр.

Наверх