ЕҰУ студенті үлкен сандарды калькуляторсыз есептеудің формуласын тапты

12 Қазан 2022, 13:23
1443
Бөлісу:
ЕҰУ студенті үлкен сандарды калькуляторсыз есептеудің формуласын тапты

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ІІ курс студенті үлкен сандарды калькуляторсыз есептеудің жаңа формуласын ойлап тапты6 деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Бүгінде жас ғалымның қоржынында 33 түрлі формула бар. Дарынды студент алдағы уақытта өз еңбегін патенттеп, шәкірт тәрбиелеуді армандайды. 

Ақпараттық технологиялар факультетінің білім алушысы Бек Мұсабековтың математика саласына қызығушылығы мектеп қабырғасында оянған. Талантты жас квадрат және куб әдістерімен формулаларды 9-ші сыныпта алғаш рет ойлап тапты. «Түбір астынан жуықтап табу» амалын баған және квадрат арқылы шешу де - оның мектептегі еңбегінің жемісі. Нақты ғылымға қызыққан студент ізденімпаздығының арқасында үлкен сандарды калькулятордың көмегінсіз есептеуге болатын формула жасап шығарды. 

Калькулятор қолдану мүмкіндігі жоқ барлық жерде, тіпті емтиханда да  менің формуламмен есептер еркін шығарылады. Оның үстіне бұл – уақыт үнемдеуге де үлкен мүмкіндік. Енді осы формулаларымды патенттеп алғым келеді. Менің ойлап тапқан формуламды оқу бағдарламасына кіргізуге болады деп ойлаймын. Алдағы уақытта математикадан шәкірт тәрбиелеп, оқушыларымды олимпиадаларға дайындасам деген ниетім бар, – деп өз жоспарымен жас ғалым бөлісті. 

Бүгінде ЕҰУ жас ғалымының қоржынында калькуляторсыз есептеудің 33 түрлі формуласы бар. Оның 29-ын мектеп қабырғасында шығарса, 4-еуін университетте жүріп ойлап тапқан. Студент үлкен сандарды калькуляторсыз есептеудің бұдан да оңай формулаларын іздеуді жалғастырмақ. 

Бек Мұсабеков өзінің қабілетін 2021 жылы «Дарынды жас ғалым» республикалық ғылыми-жобалар байқауында ортаға салып, «Дарын» аталымы бойынша топ жарды. ЕҰУ студенті «ҚР тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен де марапатталған. 

Өзгелердің жаңалығы