Еуропарламент Еуропалық одақтың фармацевтика саласындағы заңнамасын жаңартатын ауқымды реформаны түпкілікті мақұлдады. Жаңа ережелер дәрі-дәрмек тапшылығының алдын алуға, медициналық препараттарға қолжетімділікті арттыруға және фармацевтика саласындағы инновацияларды қолдауға бағытталған.
Euronews хабарлауынша, жаңа талаптарға сәйкес, дәрі өндірушілер жеткізілімде екі аптадан астам уақытқа созылатын үзілістер туралы ұлттық органдар мен Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігіне хабарлауға міндетті болады. Ал препаратты нарықтан толық шығару туралы кемінде бір жыл бұрын ескертуі тиіс.
Сонымен қатар, ЕО елдері өндірушілерден халықтың қажеттілігін өтеуге жеткілікті көлемде дәрі-дәрмек жеткізуді талап ете алады. Реформа аясында генериктер мен биосимилярлы препараттарды нарыққа шығаруды жеңілдету, сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілерді әзірлеуді ынталандыру шаралары да қарастырылған.
Жаңа заңнама антибиотиктерге төзімділікпен күресуге де бағытталған. Осы мақсатта басым антибиотиктерді әзірлейтін фармацевтикалық компанияларға қосымша ынталандыру тетігі енгізіледі.
Жаңа ережелердің басым бөлігі заң күшіне енгеннен кейін екі жылдан соң қолданыла бастайды. Ал дәрі-дәрмек жеткізілімінің қауіпсіздігі мен жаңа антибиотиктерді әзірлеуге қатысты кейбір талаптар ертерек күшіне енеді.