Еуропалық Одақ әлемнің түкпір-түкпірінде соғыс пен түрлі апаттардан зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек көрсетуге 700 миллион еуродан астам (353 миллиард теңгеден астам) қаржы бөледі.
DW таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл туралы Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.
Гуманитарлық көмекті бөлу кезінде Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдеріне, сондай-ақ мәжбүрлі түрде қоныс аударған адамдар мен оларды қабылдап отырған қауымдастықтарға ерекше назар аударылады.
Атап айтқанда, Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдеріндегі көші-қон мәселелеріне қатысты шараларға шамамен 380 миллион еуро бағытталады. Оның ішінде мигранттардың ең осал топтарын қолдау, сондай-ақ олардың отанына оралуы мен қайта бейімделуіне көмек көрсету қарастырылған.
252 миллион еуро қарулы қақтығыстарға, халықтың мәжбүрлі түрде қоныс аударуына, індеттер мен табиғи апаттарға байланысты шұғыл көмек көрсетуге жұмсалады. Оның 97 миллион еуросы Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдеріне, 103 миллион еуросы Палестина аумақтары мен Ливанға, тағы 52 миллион еуросы Украинаға, соның ішінде қысқа дайындық жұмыстарына бағытталады.
Сондай-ақ Африканың Ұлы көлдер өңіріне және Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Эбола безгегінің таралуына қарсы күреске аз көлемде қаржы қарастырылған.