Маусым айындағы аптап ыстық Еуропада 12 мыңнан астам адамның өмірін қиды.
AFP агенттігінің бірнеше Еуропа елінің ұлттық статистикасына сүйеніп хабарлауынша, 22–28 маусым аралығында Германия, Бельгия, Испания, Люксембург, Нидерланд, Франция және Швейцарияда өткен жылдардың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 10 мың артық өлім тіркелген.
Ұлыбританияның Метеорологиялық қызметі Англия мен Уэльсте 18–28 маусым аралығында тағы шамамен 2200 қосымша өлім жағдайы тіркелгенін мәлімдеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгенің айтуынша, мұндай өлім-жітімнің басым бөлігінің алдын алуға болар еді. Алайда көптеген елдің үкіметі аптап ыстықты денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай емес, жай ғана ауа райының құбылысы ретінде қабылдап келеді.
Бұған дейін EuroMOMO еуропалық өлім-жітімді мониторингтеу бағдарламасы ыстықтан көз жұмғандар саны 10 мыңнан асқанын бағалаған болатын. Бағдарлама дерегіне сәйкес, құрбандардың басым бөлігі – 65 жастан асқан адамдар.
Мамандардың айтуынша, жоғары температура тек ыстық өтуге ғана емес, сонымен қатар жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларының асқынуына да себеп болады. Мұндай дерттерге егде жастағы адамдар әсіресе осал келеді.