Еуропадағы бірнеше телеарнаға жарылыс қаупі туралы электронды хаттар келіп түсті. Мұндай хабарламалар Ирландияның RTÉ телекомпаниясына, Ұлыбританияның Sky және Болгарияның Nova TV телеарналарына жіберілген. Тексеру барысында жарылғыш заттар табылмаған, деп хабарлайды Reuters.
Қоқан-лоқыға байланысты RTÉ телеарнасы шамамен үш сағат бойы музыка мен алдын ала жазылған хабарламаларды эфирге шығарған. Ал Nova TV редакциясынан қызметкерлер эвакуацияланды.
Хаттар Михаил Андропов есімді адамның атынан жіберілген. Автор бұған дейін Еуропадағы әуе рейстеріне қатысты жалған жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаларға да қатысы бар екенін мәлімдеген. Телеарналарға жолданған хатта жарылғыш құрылғы 45 минуттан кейін іске қосылатыны айтылған. Қоқан-лоқы хат «Батысқа жолдау» деп аталған. Оның авторы осы аптада болған оқиғалар тек бастамасы екенін де ескерткен.
Бұған дейін Еуропаның бірқатар әуе компаниясына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламалар түскен еді. Соның салдарынан ұшақтар шұғыл қонуға мәжбүр болып, әуежайларда қосымша тексерулер жүргізілді. Алайда жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Хабарламаларды кім жібергені әзірге белгісіз.
Италияның Ansa агенттігінің мәліметінше, хабарламалардың бір бөлігі Ресейдегі «Мужское государство» қозғалысына қатысушылардың атынан жіберілген. Қозғалыстың негізін қалаушы Владислав Поздняков бұған қатысы барын жоққа шығарып, ұйымның 2021 жылы-ақ жұмысын тоқтатқанын мәлімдеген.