Еуропа елшілері Абайдың «Қара сөзін» француз тілінде оқиды

3 Наурыз 2020, 02:33
1364
Бөлісу:
Еуропа елшілері Абайдың «Қара сөзін» француз тілінде оқиды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Франкофон елдерінің елшілері Қарағандыда Абайдың жетінші қара сөзін француз тілінде оқиды. Олар 14 наурызда Қазақстанның алты қаласында өтетін елшіліктік диктанттың дикторы болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

Қарағандылықтар да елшілік диктантқа қатыса алады. Шара Француз Альянсы ғимаратында Гоголь көшесі, 38 мекенжайында өтеді.

Аталмыш іс-шара 1 наурыз - 30 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Қостанай қалаларында өтетін жыл сайынғы «Франкофон көктемі» фестиваліне орай ұйымдастырылған.

Фестиваль аясында Қарағандыда француз киносының апталығы өтеді. Қала тұрғындары орыс субтитрлерімен француз тілінде үш фильмді тегін тамашалай алады.

Француз режиссері Матье Амальриктің кинокартинасы 3 наурызда көрсетіледі. Басты кейіпкер - актриса Бриджит, ол танымал әнші Барбара рөліне дайындалады. Рөлге бейімделу үшін қыз өзінің кейіпкерінің биографиясын, әдеттерін және стилін түбегейлі зерттейді. Дәл осы уақытта болашақ фильмнің режиссері жас актрисаға ғашық болып қалады. 2017 жылы Канн фестивалінде «Барбара» фильмі арнайы жүлде жеңіп алды. Оны 3 наурызда сағат 18.00-де Француз альянсында көруге болады.

Ал 5 наурызда сағат 18.00-де қарағандылықтар «Әйел және жүрдек пойыз» кинолентасын тамашалайды. Бұл - швейцариялық Монбижу қалашығының тұрғыны мен оның үйінің жанынан әр таңда өтетін жүрдек пойыздың кондукторы арасындағы хат алмасуды баяндайтын картина.

Бұл сериядағы қорытынды көрсетілім «Августин құмарлығы» фильмі болады. Режиссері - канадалық Леа Пул. Кинокартинадағы оқиға өткен ғасырдың 60-жылдары Квебек провинциясында өрбиді. Басты кейіпкер - Августиннің анасы, монастырь мектебінің меңгерушісі. Ол мектепке талантты, бірақ бүлікшіл қарындасы түскеннен кейін күрделі проблемаларға тап болады, ал провинция Үкіметі монастырлық мектептерді жабамыз деп қорқытады. Бұл фильм 7 наурыз сағат 14.00-де көрсетіледі.

Қарағандылықтар сондай-ақ «Ғаламшар мұрасы» және «Батылдық» тақырыптары бойынша француз поэзия байқауына қатыса алады. Ол 7-27 наурыз аралығында өтеді.



Өзгелердің жаңалығы