Еуроодақ пен Пәкістан ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас ресми сапармен Пәкістанға барды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуропалық одақтағы меншікті тілшісі.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Пәкістан Еуропалық одақ-пен сауда, инвестиция, институционалдық байланыстар мен салалық ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі. Бұл туралы дүйсенбі күні Пәкістан Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Исхак Дар Кая Калласпен өткен келіссөздер барысында мәлімдеді.
ЕО мен Пәкістан дипломаттары ЕО–Пәкістан стратегиялық диалогының 8-сессиясына бірлесіп төрағалық етуде.
Ортақ баспасөз мәслихатында сөйлеген Исхак Дар екі тараптың сауда мен инвестицияны қоса алғанда, бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастықты кеңейте алатынын айтты.
Біз бұл бағдарламалық құжат саяси өзара түсіністікті тереңдетуге, салалық ынтымақтастықты кеңейтуге және Пәкістан мен Еуроодақ арасындағы институционалдық байланыстарды нығайтуға маңызды негіз бола алады деп есептейміз. Осылайша, стратегиялық диалогтың жалғасуы Пәкістан мен ЕО арасындағы қатынастарға жаңа серпін беруге және болашаққа бағдарланған әріптестік қалыптастыруға деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді, – деді ол.
Өз кезегінде Кая Каллас Пәкістанның АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге көрсеткен қолдауын жоғары бағалады. Оның айтуынша, өңірдегі шиеленістер көптеген елдерге әсер етіп, энергия тасымалдаушылары мен тыңайтқыштар бағасының қымбаттауына себеп болып отыр. Сонымен қатар ол Пәкістан мен Еуроодақтың өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
– Сондықтан Еуроодақ пен Пәкістан арасындағы сауда байланыстарының қарқынды дамуын шын жүректен құптаймын. Еуропа Пәкістан үшін ең ірі экспорттық нарық болып қала береді, – деді Кая Каллас.
Ол сондай-ақ Пәкістанның «Жалпыланған преференциялар плюс» (GSP Plus) бағдарламасының негізгі бенефициарларының бірі болып отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл екі тарап арасындағы серіктестіктің тек коммерциялық маңызға ғана емес, сонымен қатар экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналғанын көрсетеді.
GSP Plus бағдарламасы қатысушы елдердің экспорттық өнімдеріне Еуропа нарығына баж салығынсыз кіруге мүмкіндік береді. Оның орнына мемлекеттер адам құқықтары мен азаматтық құқықтарға қатысты халықаралық 27 негізгі конвенцияның талаптарын орындауға міндеттеме алады.
Сауда мен инвестициялардан бөлек, байланыстарымызды тереңдете алатын басқа да бағыттар бар. Атап айтқанда, тұрақтылықты арттыру, климат мәселелері, цифрлық инфрақұрылым және көші-қон салаларында ынтымақтастықты дамытуға болады. Бұл – ұзақ мерзімді серіктестікке салынған инвестиция, – деді Кая Каллас.