- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда эпилепсияға қарсы күрес қалай өзгеріп жатыр?
Қазақстанда эпилепсияға қарсы күрес қалай өзгеріп жатыр?
Дәрі көмектеспеген кезде нейрохирургия мен роботтандырылған технологиялар науқастарға ұстамасыз өмірге қайта оралуға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгiн 2026, 19:17
Көп адам үшін эпилепсиямен өмір сүру – кез келген сәтте қайталануы мүмкін ұстаманы күтіп өмір сүрумен тең. Жұмыста, көлік тізгінінде отырғанда немесе баламен серуендеп жүргенде де аяқ астынан басталуы мүмкін дерт адамды үнемі үрей құшағында ұстайды. Ұзақ жылдар бойы бұл диагноз адамды төрт қабырғаға қамап қоятын үкім секілді қабылданып келді. Алайда бүгінде роботтандырылған технологиялар мен аса дәл диагностиканың арқасында дәрігерлер бұрын көзге көрінбеген дүниені анықтай алатын деңгейге жетті. ҚР ПІБ Медициналық орталық ауруханасындағы Эпилептология орталығының жоғары санатты нейрохирург Талғат Ермеков BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында эпилепсияны емдеудегі жаңа тәсілдер, операцияның мүмкіндігі және қоғамдағы қорқыныш пен stigma туралы айтып берді.
- Бүгінде, жоғары технологиялар мен заманауи медицина дәуірінде эпилепсияға деген көзқарас қалай өзгерді?
Соңғы онжылдықтарда эпилепсияға деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Бұрын бұл ауру қорқынышпен, түрлі мифтермен және қоғамдағы стигмамен қатар айтылатын. Қазір біз эпилепсияның көп жағдайда емдеуге болатын неврологиялық ауру екенін жақсы түсінеміз.
Заманауи диагностикалық әдістер ұстаманың нақты қай жерден басталатынын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Ал жаңа препараттар мен нейрохирургиялық технологиялар көптеген науқастың ұстамадан толық арылып, қалыпты өмірге оралуына жол ашып отыр. Ең бастысы – бүгінде эпилепсия бұрынғыдай «үкім» ретінде қабылданбайды.
- Эпилепсияны кейде «данышпандар дерті» деп те атайды. Юлий Цезарь, Достоевский, Ван Гог... Бұл ауру шынымен адамның ерекше қабылдауымен немесе дарындылығымен байланысты ма, әлде жай әдемі аңыз ба?
- Бұл – ғылыми дәлелденген деректен гөрі тарихи сипат алып кеткен әдемі аңыз деуге келеді. Расында, эпилепсиямен көптеген әйгілі тұлғалар ауырған деген пікір бар. Бірақ эпилепсия адамды өздігінен данышпан етпейді.
Дегенмен аурудың кейбір түрлері эмоцияны, сезімді немесе есте сақтауды өзгеше қабылдаумен қатар жүруі мүмкін. Әсіресе самай бөлігінің эпилепсиясында мұндай ерекшеліктер кездеседі. Мүмкін осы себептен бұл дерттің айналасында уақыт өте келе ерекше мәдени түсінік қалыптасқан шығар.
Бірақ ең маңыздысы – эпилепсиямен өмір сүретін адамдардың басым бөлігі қарапайым жандар екенін түсіну. Олар да толыққанды өмір сүргісі келеді, оқығысы, жұмыс істегісі, отбасы құрғысы және қоғамның бір бөлігі екенін сезінгісі келеді.
- Бүгінде Қазақстан мен әлемдегі эпилепсияға қатысты ахуал қандай? Бұл ауру жастар мен балалар арасында жиілеп бара жатқаны рас па?
- Эпилепсия әлі күнге дейін әлемдегі ең кең таралған неврологиялық аурулардың бірі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 50 миллионнан астам адам осы дертпен өмір сүреді.
Қазақстанда да эпилепсияны анықтау көрсеткіші өсіп келеді. Бұл, ең алдымен, диагностиканың айтарлықтай жақсарғанымен байланысты. Қазір біз балалар мен жастар арасынан эпилепсияны жиірек анықтап жатырмыз. Бірақ бұл міндетті түрде ауру көбейді деген сөз емес. Бұрын көптеген жағдай жай ғана анықталмай қалып отырған.
- Тұқым қуалайтын эпилепсия мен жүре пайда болған эпилепсияның айырмашылығы неде? Адамның қауіп тобында екенін алдын ала анықтауға бола ма?
- Тұқым қуалайтын эпилепсия нейрондардың жұмысындағы генетикалық ерекшеліктермен байланысты болады. Ал жүре пайда болған түрі жарақаттан, инсульттен, ісіктерден, инфекциялардан немесе мидың туа біткен ақауларынан кейін дамуы мүмкін.
Кей жағдайда қауіп тобын алдын ала анықтауға болады. Әсіресе отбасында эпилепсиямен ауырған адамдар болса немесе адамның бала кезінде неврологиялық мәселелері байқалса. Бірақ эпилепсия әрдайым тұқым арқылы беріледі деуге болмайды.
- ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасында Эпилептология орталығы жұмыс істейді. Қазір нейрохирургтер ұстаманың «ошағын» мидан қалай анықтайды? Бұл қаншалықты дәл жүргізіледі?
- Қазіргі эпилептология – жоғары технологияларға негізделген медицина саласы. Диагностика мен емдеу барысында біз жоғары өрісті МРТ, видео-ЭЭГ мониторингін, функционалдық диагностиканы және нейронавигацияны қолданамыз.
Ең заманауи әдістердің бірі – Stereo-EEG, яғни стереоэлектроэнцефалография. Арнайы өте жіңішке электродтардың көмегімен біз мидың терең құрылымдарындағы электрлік белсенділікті «жазып», эпилептогенді ошақты аса жоғары дәлдікпен анықтай аламыз.
Біздің ауруханада мұндай операциялар роботтандырылған технологиялар мен стереотаксистік жүйелердің көмегімен жасалады. Бұл науқас үшін барынша дәл, нәзік әрі қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
- Көп адам әлі күнге дейін «эпилепсия» диагнозын үкім секілді қабылдайды. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Қай кезде дәрі-дәрмек жеткіліксіз болып, операция қажет екені белгілі болады?
- Науқастардың шамамен 70 пайызында ұстаманы дәрі-дәрмекпен бақылауда ұстауға болады. Бірақ кей адамдарда дұрыс таңдалған емге қарамастан ұстамалар тоқтамайды.
Егер адам екі немесе одан да көп эпилепсияға қарсы препарат қабылдап жүрсе, бірақ ұстамалар жалғаса берсе, онда хирургиялық емдеу мәселесін қарастыру қажет.
Мұнда уақытты өткізіп алмау өте маңызды. Ми ұзақ уақыт бойы тұрақты ұстамалар жағдайында өмір сүрсе, есте сақтау қабілеті мен когнитивтік функциялардың нашарлау қаупі артады. Жалпы адамның өмір сапасы да төмендей береді.
- Фармакорезистентті эпилепсия деген не? Неліктен кей науқастарға дәрілер әсер етпей қалады?
- Фармакорезистентті эпилепсия – препараттар ұстаманы толық тоқтата алмайтын ауру түрі. Оның себептері әртүрлі болуы мүмкін. Мидағы құрылымдық өзгерістер, қыртыстың туа біткен ерекшеліктері, жарақат салдары немесе ісіктер әсер етуі ықтимал. Кейде эпилепсия ошағының белсенділігі соншалықты жоғары болады, дәрілер оның жұмысын тек ішінара ғана басады.
Көбіне дәл осындай науқастар хирургиялық емге үміткер болады.
- Медициналық орталық ауруханасында аса күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалады. Қазір эпилепсиямен ауыратын адамның өмірін түбегейлі өзгерте алатын қандай операциялар бар?
- Бүгінде эпилепсия нейрохирургиясында бірнеше бағыт қатар қолданылады. Олар – эпилептогенді ошақты алып тастау, самай бөлігінің лобэктомиясы, селективті операциялар, кезбе жүйкені стимуляциялайтын құрылғыны (VNS) орнату, Stereo-EEG арқылы радиожиілікті термокоагуляция жасау, сондай-ақ нейромодуляция әдістері.
Көптеген науқас үшін мұндай операциялар өміріндегі шешуші кезеңге айналады. Әсіресе ұстамамен жылдар бойы күресіп келген адамдар үшін бұл үлкен өзгеріс.
- Операциядан кейін не өзгереді? Ұстамадан толық арылып, қалыпты өмірге оралу қаншалықты мүмкін?
- Көп науқаста емнен кейін ұстама толық тоқтайды немесе айтарлықтай сирейді.
Бірақ ең бастысы – адамның өмір сапасы өзгереді. Адамдар оқуына, жұмысына қайта оралады, көлік жүргізе бастайды, саяхаттайды, отбасы құрады. Кей науқастар үшін бұл – ұзақ жылдардан кейінгі қорқынышсыз алғашқы өмір тәжірибесі.
- Орталық ашылғалы бері қанша адам ұстамасыз өмірге қайта оралды? Есте ерекше қалған оқиғалар болды ма?
- Мұндай оқиғалар өте көп. Әсіресе емнен кейін қалыпты өміріне қайта оралған жас науқастар қатты есте қалады.
Күн сайынғы ұстаманың кесірінен жылдар бойы дұрыс оқи алмаған, жұмыс істей алмаған адамдар бар. Ал операциядан кейін олар қайтадан білім алып, отбасы құрып, қоғамға араласа бастады.
Дәрігер үшін ең үлкен мотивация да осы шығар.
- Қазір Эпилептология орталығының алдында қандай жоспарлар тұр? Қандай жаңа технологиялар мен бағыттар дамып жатыр?
- Қазақстанда эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеу бағыты қазір белсенді дамып келеді. Біз Stereo-EEG-тің заманауи әдістерін енгізіп жатырмыз, нейромодуляция мүмкіндіктерін кеңейтудеміз. Сонымен қатар эпилептологтар, неврологтар, нейрофизиологтар мен нейрорадиологтар қатысатын мультидисциплинарлық тәсілді дамытып келеміз. Бұдан бөлек, фармакорезистентті эпилепсияны диагностикалау мен емдеудің отандық хаттамаларын жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр.
- Егер адамның жанында кенеттен ұстама басталып кетсе, мәселен, үйде, көшеде немесе қоғамдық көлікте адам ауырып қалды делік. Алғашқы минуттарда қалай дұрыс көмектесу керек? Көп адам әлі күнге дейін аузына қасық тығуға немесе тілін ұстап қалуға тырысады. Бұл қаншалықты қауіпті?
- Ең бастысы – сабыр сақтау. Мұндай жағдайда:
• қауіпті заттарды алыстату керек;
• адамды бір қырымен жатқызу қажет;
• басының астына жұмсақ нәрсе қою керек;
• ұстаманың қанша уақытқа созылғанын бақылау қажет.
Ал мына әрекеттерді жасауға болмайды:
• адамды күштеп ұстап тұруға;
• жақты ашуға тырысуға;
• аузына қасық, саусақ немесе басқа зат салуға.
Бұл өте қауіпті және түрлі жарақатқа әкелуі мүмкін. Егер ұстама бес минуттан ұзаққа созылса немесе қайта-қайта қайталанса, міндетті түрде жедел жәрдем шақыру қажет.
- Эпилепсия – тек медициналық диагноз емес, үлкен психологиялық кедергі екендігі жасырын емес. Мұндай дертпен отбасы құру, ата-ана болу, мансап жасау қаншалықты қиын? Емнен кейін өмірі өзгерген науқастар болды ма?
- Көп науқас үшін аурудың ең ауыр тұсы – ұстаманың өзі емес, тұрақты шектеу мен қорқыныш сезімі. Адам үйде отырса да, көшеде жүрсе де, жұмыста, көлік тізгінінде, сабақта немесе адамдармен сөйлесіп тұрғанда да ұстама басталып кете ме деп алаңдап жүреді. Кей адамдар жалғыз қалудан, көшеге шығудан, қоғамдық көлікке мінуден, спортпен айналысудан немесе болашаққа жоспар құрудан қорқады.
Бұл ауру оқу мен жұмысқа да ауыр әсер етеді. Балалар мен жасөспірімдерде ұстама салдарынан есте сақтау, зейін қою және шоғырлану қабілеті әлсіреуі мүмкін. Кейбірі мектеп бағдарламасынан қалып қойып, өз-өзіне тұйықталып, қатарластарымен араласудан қашқақтай бастайды. Ересек адамдарға да жұмыста тұрақтап қалу оңай емес. Әсіресе ұстама жиі әрі күтпеген жерден қайталанатын болса. Өкінішке қарай, жұмыс берушілер мен айналадағы адамдардың күдігі әлі де бар.
Ауыртпалық отбасыға да түседі. Эпилепсиямен ауыратын баланың ата-анасы, әсіресе түнде, үнемі алаңдап жүреді. Жұбайлары мен жақындары да кенеттен ұстама болып қала ма, жарақат алып қала ма деп қорқады. Кейде бұл дерт расында бүкіл отбасының өмір салтын өзгертіп жібереді.
Бірақ қазіргі эпилептология көптеген науқастың толыққанды өмірге қайта оралуына мүмкіндік береді. Сәтті емнен кейін адамдар университет бітіреді, отбасы құрады, ата-ана атанады, мансап жасайды, саяхаттайды және сүйікті ісімен айналысады.
Біздің тәжірибеміздегі ең әсерлі сәттердің бірі – жылдар бойы ұстамадан қорқып өмір сүрген адамның алғаш рет өзін қарапайым адамдай сезіне бастауы шығар.
- Енді дәрігер ретінде емес, адам ретінде жауап берсеңіз. Нені армандайсыз?
- Дәрігер ретінде мен Қазақстандағы эпилепсиямен ауыратын науқастар әлемнің ең үздік орталықтарындағы деңгейде көмек алса деп армандаймын. Заманауи технологиялар көбірек адамға қолжетімді болса екен деймін. Ең бастысы – бұл диагноз адамға қорқынышты әрі үмітсіз нәрсе болып естілмесе екен.
Науқастар өз дерттерімен жалғыз қалмай, оларға шынымен көмектесуге болатынын білсе деймін.
Ал адам ретінде, бәлкім, емнен кейін еркін әрі тыныш өмір сүре бастаған адамдарды көбірек көргім келеді. Адам ұстамадан қорқуды қойып, оқуына, жұмысына, отбасына қайта оралып, болашаққа жоспар құра бастағанда – біздің жұмысымыздың ең үлкен нәтижесі де сол.
- Әңгімеңізге рахмет!
Ең оқылған: