Елімізде бүгінде 100-ден астам этнос өкілдері бейбіт өмір сүруде, алайда демографиялық және геосаяси өзгерістерге байланысты этносаралық қатынастарда жаңа үрдістер байқалуда. Қазақ ұлтының үлесі 70%-дан асты, қазақ тілінің қолдану аясы кеңеюде – бұл табиғи әрі жағымды құбылыс болғанымен, кейбір этностық азшылық өкілдерінде алаңдаушылық тудыруы мүмкін.
Екінші жағынан, Солтүстік өңірлерге Ресейден көшіп келушілер саны соңғы бір-екі жылда артты (2022–2023 жж.) және Ресей мен Украина соғысының жалғасуыняң салдарынан релоканттардың жаңа толқыны да болуы ықтимал. Бұл жергілікті халық пен жаңа келгендер арасында түсініспеушілік туғызбас үшін бейімдеу шараларын қажет етеді.
Одан бөлек этносаралық тұрмыстық жанжалдар да соңғы жылдары бірнеше рет тіркелді (соңғысы – Талғар 2024 оқиғасы), бұлар көбіне әлеуметтік-тұрмыстық себептен шыққанымен, этникалық реңк алып кетуі қоғам үшін қауіпті сигнал. Дінаралық сала да тұрақты болғанымен, кейбір радикалды ағымдардың жасырын әрекеті байқалады.
Жалпы этносаралық және конфессияаралық ахуал тұрақтылықтың іргетасы саналады, сондықтан мемлекет бұл саладағы саясатты еш босаңсытпай, жаңа әдістермен жүргізуі қажет.
Жаңа ұсыныстар:
Бірінші. Қазіргі Қазақстан халқы Ассамблеясының басты жұмыс органы “Қоғамдық келісім” РММ, алайда оның аймақтардағы “Қоғамдық келісім” ұйымдарының қазіргі ахуалы тиісті дәрежеде емес.
Осыдан 2 жыл бұрын аталмыш мекеме басшысы ретінде аймақтағы жағдаймен танысқанда, ол жердегі “Қоғамдық келісім ұйымдары” жергілікті әкімдіктің қарамағында, бюджеті де соларға басыбайлы және оның салдары көбіне сол ішкі саясат басқармасының тапсырмасын орындаумен әлек.
Сондықтан “Қоғамдық келісім” мекемесіне Президент жанындағы мәртебесі қайта беріліп, орталық басқаруы бар және аймақтарда дербес жұиыс істеу мүмкіндігін қайта қарастыру қажет. Бұл осы бағытағы жұмысты жүйелі әрі табысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Екінші. Ұлтаралық жанжал қаупі бар жағдай орын ала қалса (мысалы, тұрмыстық жанжал, жастар арасындағы төбелес және т.б.), оны өрттей лаулап кетпей тұрғанда өшіру өте маңызды. Сол үшін Ішкі істер министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы және өңірлік әкімдіктер бірлесіп, жедел бітімгер топтар құруы керек. Мұндай топ құрамына жергілікті полиция өкілі, сол этносаралық кеңестің мүшесі (делдал), психолог және медиатор-заңгер кіруі мүмкін.
Оқиға орнына шұғыл жеткен бітімгер топ жанжал тараптарымен жеке сөйлесіп, мәселені мәмілеге келтіруге тырысады, параллель түрде дәл сол сәтте әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа мониторинг жасап, қауесеттерді сейілтуге кіріседі. Мәселен, көп жағдайда бір қауесет естіген тұрғындар эмоционалды түрде топтаса бастайды.
Осындай кезде бітімгер топ ақиқат ақпаратты көпшілікке таратып, қажет болса жергілікті мешіт имамы сияқты беделді тұлғаларды қатыстырып, жұртты сабырға шақыруы тиіс. Бұл ұсыныс ішкі істер органдарының дәстүрлі күштік әдісінен гөрі жұмсақ күш (soft power) – келісім арқылы әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Жанжалдың алдын алу әрдайым оны сөндіруден жеңіл екенін ескерсек, мұндай жылдам әрекет ету механизмі өте тиімді болмақ. Өкінішке орай Президент тапсырған этномедиация орталықтары бүгінде әлі күнге формалды түрде қалуда.
Үшінші. Биыл Ассамблеяның 30 жылдығы. Осы межеде оған институционалдық реформа қажет. Жаңа тәсіл – Ассамблеяны кеңесу-сараптамалық орталық ретінде бейіндеу. Яғни Ассамблея сессиялары формальды баяндамалар мінбері емес, шынайы мәселелерді талқылайтын орын болуы керек.
Ол үшін Ассамблея сессияларына әзірге көп талқылана бермейтін, бірақ қоғам үшін маңызды тақырыптарды күн тәртібіне енгізу керек: мысалы, урбанизация және этностардың араласуы, аралас неке мәселелері, қандастарды бейімдеу, көші-қон және интеграция саясаты т.б. Әрбір сессия алдын ала сараптамалық зерттеулерге сүйеніп, нақты ұсынымдармен аяқталуы тиіс. Сол ұсынымдарды Үкімет қарауға міндеттелсін.
Бұған қоса, Ассамблея жанынан Этносаралық қатынастар мониторингі орталығын құрып, тұрақты әлеуметтік зерттеулер жүргізген жөн. Бұл орталық қай өңірде қандай этностық топтардың мәселесі бар, қай жерде қандай оң тәжірибе бар – соны анықтап, дер кезінде ақпарат беріп отырсын. Мұндай ғылыми негізделген саясат этносаралық саланы сезіммен емес, сараппен басқаруға мүмкіндік береді.
Қорытындысында Ассамблея формалды құрылымнан нақты істердің қозғаушысына айналуы керек. Қазіргі таңдағы Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесі бұл функцияны толығымен орындап отырған жоқ.
Мұның бәрі орта әрі ұзақ мерзімді саясат. Қазіргі әлемнің әр тұсында болып жатқан жанжалдар мен соғыстар осы этносаралық қақтығыстар негізінде жүріп жатқанын ескерсек, бұл бағытқа бей жай қарау ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен нұқсан келтіруі әбден мүмкін.