Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Этномәдени бірлестік өкілдері 80-нен астам тұрғынға тіл курсын өткізеді

23 Сәуір 2025, 11:34
392
Бөлісу:
 e-history.kz
Фото: e-history.kz

Атырау облысында 19 этномәдени бірлестік бар. Ұлты өзге болса да, жүрегі қазақ деп соғатын ұйым өкілдері өңірдегі түрлі саланың дамуына үлес қосып, барын салып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақылық бойына сіңсе де, этномәдени бірлестік өкілдеріне өз ұлтының тілі мен мәдениетін дәріптеуге кедергі жоқ. Мәселен "Довира" украин ЭМБ украин тілі курсын, "Вайнах" шешен-ингуш ЭМБ өкілдері шешен тілі курсын, "Тхоньиль-Атырау" корей ЭМБ мүшелері корей тілі курсын ашқан. Бар білгенімен "Достық үйінде" орналасқан жексенбілік мектепте бөліседі. Бүгінде тіл курстарына 80-нен астам тұрғын қатысып, дәріс алады. Ал "Былина" орыс ЭМБ тіл курсын шағын кітапханасында ұйымдастырады.

Тіл курсынан бөлек бірлестік өкілдері мәдени салаға да үлкен үлес қосады. Ұлттық киім, ұлттық билерін насихаттап, түрлі шаралар, байқаулар өткізуге жаны құмар. Спорттық жарыстарда да белсенді. "Қоғамдық келісім" КММ жанынан аналар кеңесі де ашылған.

 Атырау облысы ҚХА жанында 1 облыстық Аналар кеңесі, 7 аудандық, 59 -ауылдық округте және 6 этномәдени бірлестігінде құрылып, мүше саны 482 жеткен. Атырау облысы мен аудандар бойынша 2025 жылдың І тоқсанында Аналар кеңесімен 5457 адамның қатысуымен 41 іс-шара өткізілді. "Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт" жобасы аясында"«Қоғамдық келісім" КММ ҚХА "Татулық" татар-башқұрт ЭМБ Аналар кеңесінің мүшелерімен бірге Атырау аймақтық "Ана үйі" ресурстық орталығына барып, сәбилердің бірін бесікке салып және сәбидің тұсауын кесіп, ат қою рәсімін жасады. Халықаралық орамал күніне орай, Атырау облысы ҚХА Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен қаладағы Infinity Mall сауда орталығында кимешек шеруі өтті, - дейді Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Ляззат Жылқышиева.

Ұлттар арасында түсініспеушілік туындамас үшін Атырауда этномедиация орталығы да ашылған. Жыл басынан бері онда 9 шара ұйымдастырылып, 300 адам қамтылыпты. 

2025 жыл "Жұмысшы мамандықтарының жылы" болып жариялануына орай, Атырау облысы жоғарғы медициналық колледжінің, Көлік және коммуникация колледжінің, Аграрлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесіп, мамандық бойынша, жұмысшылар арасындағы этномедиацияның рөлі туралы түсіндірілді. Медиация туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы 401-IV Заңын басшылыққа ала отырып, Атырау ҚХА Этномедиация орталығында жеке қабылдау жүргізілді. Кеңес сұраған тұлға жеке тұлғамен арасындағы заңсыз әрекетті, дау-дамайыз қалай шешуге болатындығы бойынша кеңес алды, - деді Л.Жылқышиева. 

Жұмысшы мамандықтарының жылына Ардагерлер кеңесінің өкілдері де атсалыпты. Студенттермен кездесіп, пікір алмасты. 

ҚХА Ақсақалдар кеңесі мен АТТ мүшелері бірлесіп 2025 жыл – "Жұмысшы мамандықтары жылы" аясында О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжі студенттерімен кездесті. Кездесуде бүгінде жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру, қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, болашақ мамандық иелерінің кәсіби біліктілігін шыңдау, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанын, сонымен қатар елімізде жұмысшы мамандығының мәртебесі биік екеніндігі айтылды. Колледж директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары оқу орнының осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары мен студенттердің жетістігіне тоқталды, - дейді Қоғамдық келісім мекемесіндегі ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Мұратбек Сәттіғұл.

Мұнайлы өңірдегі жұмыстың бәріне атсалысып, үнемі қолғабыс ететін этномәдени бірлестік өкілдері қанша жыл бұрын өздерін құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанымен бөліскен қазақтай кең халыққа алғысын айтып отырады. Жергілікті тұрғындармен жақсы қарым-қатынас құрып, өз елінің мәдениетін үнемі жадында сақтайды. 

Өзгелердің жаңалығы