Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Әл-Фараби атындағы қазақ ҰУ профессоры, этнограф Тәттігүл Қартаеваның қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Наурыз – түркі халықтарында жаңа жылдың келгенін білдіретін дәстүрлі мереке. Наурыз ежелден бері тойланып келе жатқанын тарихи жазба және ауызша деректер дәлелдейді, дейді энограф.
Наурыз мейрамына қатысты тарихи деректер жеткілікті, оның ішінде көптеген жазба деректер бар. Атақты шығыстанушы ғалым Омар Хайямның 1157 жылы шыққан «Наурызнама» қолжазбасы бар. Ол өзінің қолжазбасында Селжұқ сұлтандығындағы обсерваторияның маңыздылығын түсіндірді. Ол астрологтармен бірге күн мен түннің теңелу құбылысын, күн тоқырауын және аспан әлеміндегі денелердің қозғалысын зерттеді. Оның қолжазбасы шығыс күнтізбесін түсіндіру және негіздеу үшін жазылған, - деп бөлісті Қартаева.
Аталған қолжазбаның нұсқасы Берлин мемлкеттік кітапханасында сақтаулы, екінші бөлімі Лондондағы Ұлттық мұражайда сақталған.
Сондай-ақ этнографтың айтуынша, маңызды тарихи деректердің қатарында Махмұд Қашқаридің «Түрік тілінің сөздігі», «Бабырнама» жазбасы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, т.б еңбектері бар. Бұл шығармалардың әрқайсысы сол күндердегі Наурыз мерекесін тойлау кезіндегі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар туралы нақты түсінік береді. Наурыз мейрамы туралы маңызды мәліметтерді Алаш зиялыларының жазбаларында да кездестіруге болады. Мәселен, 1913 жылы наурызда шыққан «Қазақ» газетінің алғашқы саны осы мерекеге арналды.
Газет шыққан кезеңде, яғни 1913-1918 жылдар аралығында наурыздың 9-ынан бастап Наурыз мерекесін құттықтауға арналды. Ол кезде Юлиан күнтізбесі қолданылды. 1918 жылы Григориан күнтізбесі енгізіліп, ескі күнтізбе мен жаңа күнтізбенің айырмашылығы 13 күн, ал жаңа дата 22 наурызға сәйкес келді. Яғни, күн мен түннің теңелуі, ауысу уақыты 21 наурыздан 22 наурызға тұспа-тұс, - деп түсіндірді спикер.
Ғасырлар бойы Наурыз мейрамындағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар өзгерді, кейбіреулері жоғалды. Бүгінгі күнге келетін болсақ, олар еліміздің аймақтарында ерекшеленеді, деп атап өтті этнограф. Бұған ең алдымен жергілікті климат, ауыл шаруашылығы және т.б. сияқты факторлар ықпал етеді. Осындай дәстүрлердің ішінде «Көрісу» ырымына ерекше мән беріледі.
Қазақ халқы Наурыз мерекесін өзінің дәстүрлі өмір салтына бейімдеген. Мысалы, «Көрісу» ырымы. Бұл қазақ халқына ғана тән, Наурыз мейрамын тойлау аясында орындалатын ғұрыптық іс-шара, - деді ол.
Дәстүр мен әдет-ғұрыптардан бөлек, ерекшелік дәстүрлі мерекелік дастархан – Наурыз-көженің дайындалу тәсілінде де байқалады. Бұған ата-бабаларымыздың көшпелі өмір салты да ықпал етті, деді баяндамашы.
Қазақстан аумағы үлкен, сондықтан аймақтық ерекшеліктер де басым. Наурыз көже дайындалуымен ғана емес, атымен де ерекшеленеді. Мысалы, шығыс пен оңтүстік қазақтар Наурыз көжені «қос көже» немесе «көп көже» деп атайды. Бұл атау дәстүрлі тағамның тек жармадан ғана емес, ет пен сүттен де тұратындығына байланысты, - деп бөлісті ол.
Наурыз парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» дегенді білдіреді. Мереке көктемнің келуін, шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басталуын білдіреді. Биыл Алматыда «Наурыз мейрамын» тойлау 14 наурызда «Көрісу» салтымен басталды.