Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

22 Маусым 2021, 17:04
6519
Бөлісу:
Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады
EX PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысында ішкі туризмді дамыту бағытында табиғатты қаз қалпында сақтай отырып, этноауыл, аңшылық кәсібі мен қодас өсіру инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр.

Осыдан үш жыл бұрын жеке аудан болып қайта құрылған Нарынқол өңірінде ішкі туризмді дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Таулы жер болғандықтан бұл аймақ туризмді дамытуға өте қолайлы. Тау бөктері қарағайға самсып тұр, әсем табиғат пен дала көріністері көздің жауын алады. Ауданда «Сафари Тау Шелек» ЖШС, «Қарасай» жайлауы, «Үшқақбақ», «Шоғансай», «Ақкөл» және «Тұзкөл» сияқты туристік орындар бар.   

Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

Этноауыл

Дегенмен, туризмнің ерекше, тың бағытын таңдап, туристердің қызығушылығын тудырып отырған нысан «Сафари Тау Шелек». Сарыжаз ауылынан 35 шақырым жердегі Текес пен Құтырған өзендері түйіскен таңғажайып табиғат аясында орналасқан бұл демалыс аймағы соңғы кездері көпшілікке кеңінен танымал бола бастаған. Оған қоса бұл жерде екі сарқырама бар, туристер тұмса табиғаттың осындай ерекше сыйын тамашалау үшін шетелден де келеді.

Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады


Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

Шаруашылық басшысы Азат Саматұлы ішкі туризмді дамытуға бағытталған жобасын Аймақтық үйлестіру кеңесі алдында қорғаған. Нәтижесінде этноауыл, аңшылық кәсібі мен қодас өсіру жайлы жобасы инвестициялық жоба деп танылып, мемлекеттік грант ретінде 20 мың гектар жер беріліпті. 

Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 50 млн теңге көлемінде жеке инвестиция тарту, жұмыс орнымен қамтамасыз ету  жоспарланған. Қазір шаруашылық он шақты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жобаның алғашқы кезеңі – этноауыл құру,  яғни қаймағы бұзылмаған шынайы табиғат аясында сауықтыру шаралары қамтылған демалыс орнын ұйымдастыру. Қазір 12 қанатты және 8 қанатты киіз үйлер тігілген. Аладғы уақытта тағы он киіз үй тігілмек. Оған қоса, екі қабатты қонақүй салынған. 

Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

Негізгі бағыт таза ауада, табиғат аясында демалыс ұйымдастыру. Демалыс бағдарламасында табиғи өнімдерімен қатар фитотерапия, иппотерапия, саумал ішу бар. Негізінен отбасылық демалысқа ыңғайлы. Бұл жерге келген адамдар табиғаттың тума түрін  тамашалауы үшін оны шынайы қалпында сақтауға тырысамыз. Бұл жерде Текес өзенінде екі сарқырама бар, туристер соған қызығып келеді. Ол жаққа қарай көлікті жібермейміз және туристерді қондыруға рұқсат етпей отырмыз. Өйткені мұнда сирек кезедесін өсімдіктер бар және адамдар айналаны қоқысқа толтырып тастайды. Оның үстіне от жағып, тамақ істейді, оның арты орманның өртенуіне әкеледі. Сондықтан адамдар төмен жақта шатырын тігіп немесе киіз үйлерде орналасады, - дейді А. Саматұлы.

Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

Демалыс орны тау етегінде орналасқан, табиғаты жыл он екі ай қызмет көрсетуге қолайсыз, сондықтан жазғы маусымда ғана қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Өйткені қыркүйек айында қар жауып қалады екен, ал қыста тіптен екі метрге дейін қар түсетін көрінеді.

Қодас шаруашылығы

Жобаның екінші бөлігі – қодас шаруашылығын дамытуға бағытталған. Қырғызстан мен Тибетте кездесетін жабайы сиыр түрін ұстауға бұл мекен ығайлы. Өйткені қодас суықта жүргенді қалайды. Текес аумағы Қырғызстанмен шектесетіндіктен ол жақтағы қодастар таудан бері ауып, жайылымға жиі келіп тұрады екен. Шаруа сол жануарды өз жерімізге жерсіндіріп, қодас өсіруді қолға алмақшы. 

Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

Алдымен қодасты қалай бағу қажеттігін үйренеміз. Бұл жер теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. Ал, қодас суықты жақсы көреді, сол үшін тау басында жүреді. Қазір соларды әкеліп, бақылап көрмекпіз. 50 бас қодас алып қойдық, қазір олар Қырғызстан аумағында. Енді адамдарды сонда апарып, оны қалай бағып, қарайтынын және қандай жерде жүретінін зерттеп, мамандарды үйретіп қайтамыз. Одан кейін осында алып келеміз. Келешекте 2,5-3 мыңға дейін қодас ұстауды жоспарлап отырмын, - дейді Азат Саматұлы.

Айтуларынша, қодастың еті дәмді келеді әрі бағасы сиырдың етіне қарағанда қымбат. Оның үстіне бұл жануар сиырмен қосып ұстауға көнбейді екен. Егер қолда ұстаса өзінің табиғи қасиетін жоғалтып алады. Сол үшін тек тау басында ғана ұстау керек.

Аңшылық

Шаруа сондай-ақ, осы аумақта интераңшылық кәсібін дамытуды көздеп отыр. Бұған дейін желіде қазақ аңшыларының Африкада керік, арыстан атып жүрген видеолары тараған. Бұл аңшылық та сол сияқты, қомақты ақшасын төлеп рұқсат етілген аң түрін атуға болады. 

Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

Қазақстан табиғатына шет ел азаматтары тарапынан қызығушылық басым. Интераңшылық мемлекеттік лицензиямен жүзеге асырылатын болғандықтан бюджетке түсетін табыс та қомақты болады. Егер осының бәрін іске асыра алсақ, мұнда ерекше туризм орталығы болады. Яғни келген турист этноауылда қазақ тағамдарыннан дәм татып, саумал, қымыз іше алады. Оған қоса әсем табиғат пен сирек кездесетін қодасты көріп, фотоға түседі. Атқа мініп, тау-тасты аралауға да жағдай жасалған, - дейді шаруашылық басшысы.

Әлішер Жылқыбаев есімді турист Текес сарқырамасын көру үшін Алматыдан келгенін айтады. 

Бұл жерге бірінші рет келіп тұрмын. Әсем табиғаттан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көпшілік бұл жерді біле бермейді. Бұл жердің ерекшелігі құрылыс нысандары жоқ, тіптен көлікті жібермейді. Жаяу серуендеп, жабайы табиғатты тамашалағанға не жетсін. Өз басым экотуризмді қолдаймын, - дейді турист. 

Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

Тұзкөл

Ауданда сондай-ақ «Тұзкөл» көлі бар. Ол көлдің ерекшелігі бір мезгілде тартылып, тұзы шығып қалады екен. Ал, батпағында емдік қасиеті бар көрінеді, көптеген шипажайлар емдік сипатта пайдаланып отыр. Ол жерге әсіресе шет мемлекеттен туристер көп келіп жатыр. Алайда онда арнайы демалыс орындары мен шипажай салынбаған. Туристер шатыр тігіп, көл басында демала алады. 

Шоғансай

Өлкедегі экотуризмді дамытуға бағытталған тағы бір орын – «Шоғансай-Әлішер» демалыс орыны. Бұл демалыс аймағы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бастапқыда демалушыларды қабылдайтын екі киіз үй ғана болыпты. Қазір мұнда 30-ға жуық адамды қабылдайтын қонақүй салынған, электр желісі тартылып, интернет те қосылған. 

Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

Шаруашылық басшысы Сәрсенхан Нұрбекқызы алдағы уақытта 50 орынға арналған қонақүй салатынын айтады. Оның жоспары, басқа да құжаттары министрлікпен келісілген.

Бұл жерде орталықтандырылған кәріз жүйесі болады. Ал, қоқыстың барлығын өзіміз шығарамыз. Оған қоса, бұл жерде мал ұстаймыз. Құрт, ірімшік, ет, май, қымыз сияқты экологиялық тамақпен өзіміз қаматамасыз етіп отырмыз. Тіптен, табаға піскен күлше нанды да өзіміз ұсынып отырмыз ,- дейді шаруашылық басшысы.  

Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

Сонымен қатар ол пандемия басталғалы шетелдіктердің саны азайғанын айтады.

Былтырдан бері өзіміздің тұрғындар көптеп келе бастады. Әсіресе, Атырау, Ақтау, Қызылорда жақтан адамдар өте көп. Өткен жылы 500-дей туристке қызмет көрсеттік. Жарнаманы инстаграм арқылы жіберіп отырмын. Мұнда келетін туристер көбінде Еуростандартқа сай, қызмет түрін сұрайды. Мен де сол сұранысқа қарай жұмыс істеуге көшіп жатырмын, - дейді С. Нұрбекқызы.  

Шаруалар әсем табиғатты тамашалауға туристер көптеп келетініне шүбә келтірмейді. Ерік берсе, халық айналаны қоқысқа толтырып тастайтынын жақсы түсінеді. Сол үшін тұмса табиғатты халыққа таныстыра отырып, оған зиян тигізбей, қаз қалпында сақтап қалуды қалайды. Экотуризмнің басты талабы да осы. 

Этноауылдан интераңшылыққа дейін. Отандық туризм жаңа қырынан дами бастады

Өзгелердің жаңалығы