Ескерткішті «қарабет» қылған кім?

7 Маусым 2023, 15:25
888
Бөлісу:
Ескерткішті «қарабет» қылған кім?
Фото: автордан

Облыс орталығында мердігер ұйым жұмыскерлері барельфтер мен ескерткіштерді қара түске бояп тастаған, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Мәселен, облыс орталығында танымал ақын Павель Васильевтің қоладан құйылған мүсіні қап-қара болып шыға келді. Тұрғындар бұл жайтқа байланысты нарызылық білдірді.

Ескерткіштердің «қарайып» кеткенін облыстағы танымал өлкетанушы Людмила Баюшева алғашқылардың бірі болып байқап, әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазды.

Павел Васильев ескерткіші тұрған скверде абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Жұмыскерлер орындықтар мен қоқыс жәшіктерін сырлаған болатын. Қола бюстті деп бояп тастапты. Еуразиялық ақынның бетіне аяқ киімге арналған крем жағып тастаған деген ой келеді. Алдағы уақытта осы бояу кеуіп, жарылып, шытынаған кезде не боларын елестетуді ңөзі қорқынышты. Бұл әрекет ескерткіш авторын құрметтемегендік деп білемін. Тұлғаның менмұңдалап тұрған келбеті эстетикалық жағынан ұсқынсыз көрінеді, - дейді өлкетанушы.

Айта кетейік, ескерткіш 2011 жылы ашылған. Оның авторы – мүсінші, суретші Қажыбек Баймульдин. Ұлы ақын бұрынғы Семей губерниясында туған. Жергілікті халықтың мәдениеті мен тілін меңгеріп, шығармашылығына арқау еткені тарихтан белгілі.

Ақын шығармашылығын білетін және оқыған халықтың осы жайтты сынға алуы орынды болып шықты. Сала мамандары бұл «мәдениетсіздікті» «жұмыскерлердің қателігі» деп ақталды. Ескерткіш орналасқан аумақты абаттандыру аясында атқарылған жұмыс барысында мүсінді күтіп-баптау ережелерінің бұзылғаны және технологияның сақталмағаны анықталды.

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Арман Құсайыновтың айтуынша, Павел Васильев атындағы скверде ағымдық жөндеу жұмыстары барысында жұмыскерлердің қателігі салдарынан бюсттің өзі де қара түске боялды.

Біз өз тарапымыздан мердігер ұйым өкілдеріне ескерту жасадық. Ресми хат жолдадық. Қазіргі уақытта қара сыр жойылды. Ескерткішті қалыпқа келтіру бойынша мүсіншілермен ақылдастық. Енді нысанда реставрациялау жұмыстарын бастаймыз. Осы аптаның соңына дейін ретке келтіріледі, - дейді Арман Құсайынов.

Жалпы, облыс орталығындағы ескерткіштер, постаменттер, барельефтердің барлығы жыл сайын ретке келтіріледі. Нысандарды жуу жұмыстары апта сайын жүргізіледі. Сонымен қатар, саябақтардағы шағын сәулеттік формалар, орындықтар және өзге де нысандар қажетінше жөнделіп отырады.

Мердігер ұйым ескерткішті қалыпқа келтіру жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізеді. Биыл скверлер мен саябақтарды күтіп-ұстау, ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізуге 50 млн. теңге бөлінді, - дейді мамандар.

Айта кетейік, Павлодарда 25 ескерткіш бар.

Өзгелердің жаңалығы