«Есік» қорық-музейінде IX-X ғасырлардағы жебелі қылшан таныстырылды

18 Сәуір 2019, 16:30
3376
Бөлісу:
«Есік» қорық-музейінде IX-X ғасырлардағы жебелі қылшан таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы облысы Есік қаласындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде шамамен IX-X ғасырларға жататын қайың қабығы, ағаштан жасалған «Жебелі қылшанның» таныстырылымы өтті.

«Жебелі қылшанды» елімізге белгілі қалпына келтіруші (реставратор) Қырым Алтынбеков таныстырды. 2018 жылы жәдігер «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық зертханасында қалпына келтірілген.

Қырым Алтынбековтің айтуынша бұл Жетісу бойында көп кездесе бермейтін бірегей жәдігер.

«Есік» қорық-музейінде IX-X ғасырлардағы жебелі қылшан таныстырылды

«Бұл жәдігер біздің қолымызға тиген кезде адамға түсініксіз бөлек-бөлек заттар болатын. Оның ішінде қайың қабығы, ағаш, қола, тері, жібек мата болатын. Мұның бәрі маңызды заттар. Әрбір жәдігер ақпарат тасушы. Біз сол тарихи жәдігерді зерттей отырып, тарихты жазамыз. Осының бәрін неше жыл бойы ғылыми түрде зерттеп, құрастырып шыққанда, мінекей, осындай Қимақ уақытындағы қылшан шықты. Бұл Жетісу бойында көп кездесе бермейтін жәдігер», - дейді Қырым Алтынбеков.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі РМҚК директоры, Тасқын Тойбаев, жебелі қылшанның таныстырылымы Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара аясында таныстырылып отырғанын айтты.

«Есік» қорық-музейінде IX-X ғасырлардағы жебелі қылшан таныстырылды

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін тарихи жәдігерлердің маңыздылығын кейінгі ұрпаққа аманаттау мақсатында осындай үлкен іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Бұл қылшан - «Ғылым Ордасы» РМК-ң археология музейінің (2010 ж. дейін – ҚР Ғылым академиясының Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының археология музейі) қорынан табылған. 2010 жылы «Есік» қорық-музейіне тапсырылған. Тапсыру кезінде бұйым ұсақ бөлшектелген күйінде берілгендіктен (105 дана) Алтын адам қабірінен табылған жайпақ ағаш табақ ретінде көрсетіліп қателіктер орын алған. Ал қорық-музей қызметкерлері бұл жинақта қайың қабығынан жасалған материалдардың жоқ екенін анықтаған соң 2015 жылы реставратор Қырым Алтынбековке көрсеткен болатынбыз. Реставратор бұл бұйымның қайың қабығынан жасалған қылшан екені анықтап, қайта қалпына келтірді», - деді «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі РМҚК директоры, Тасқын Тойбаев.

Қылшанның тұсаукесерімен қатар музейде «Ұлы даланың ұлы мерекесі – Наурыз» аталып өтті. Мереке аясында туризм және БАҚ саласындағы әріптестерге музей ісіне қосқан үлесі үшін арнайы марапаттар тапсырылды. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, елімізге белгілі археологтар мен ғалымдар қатысты.

Өзгелердің жаңалығы