Ертіс өңірінде шыбын-шіркеймен күрес жұмыстары тиімділігін көрсетті

4 Қараша 2022, 17:32
1253
Бөлісу:
Ертіс өңірінде шыбын-шіркеймен күрес жұмыстары тиімділігін көрсетті
Фото: автордан

Ертіс өңірінің билігі өткен көктем-жаз айларында шыбын-шіркейге қарсы жүргізілген улау шараларының қорытындыларын шығарды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап қансорғыш жәндіктерге қарсы улау шаралары барысында 70 мың биологиялық және екі мың литрден астам химиялық препараттар қолданылды. 

Облыстық жер қоынауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаеваның мәліметінше, Ертіс жайылымының 29 мың гектары өкделді. Орташа тиімділік көрсеткіші 90%-ды құрайды.

Улау жұмыстарын жоспарлау барысында табиғат қорғау мақсатындағы су босату мен жіберілетін судың мерзімін ескердік. Әуеден өңдеудің жаңа тәсілдерін қолдандық. Шыбын-шіркеймен күресу шараларына ғылыми қауымдастық атсалысып, қаржы көлемі үлғайды. Осы факторлардың арқасында оң нәтижеге қол жеткіздік, - дейді Айгерім Қабылтаева. 

Десе де, бірнеше аудан тұрғындары тарапынан шағымдар көп түсті. Мәселен, Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл аудандары мен Ақсу ауылдық аумағының халқынан 1300-ге жуық шағым келген. Жауапты мамандар бұл жағдайды қаперге алды.

Келесі жылы бұл аймақтардағы өңделетін жердің көлемі 71,5 мың гектарға ұлғаяды. Ал әуеден өңдеуге қосымша ұшу құралдары жұмылдырылмақ. Улау шараларына ғылыми қолдау көрсету мәселесі де жіті назарда болады. Бүгінде жәндіктермен күрес бойынша жұмыстармен 12 биолог-ғалым айналысып жүр. Олар ғылыми сүйемелдеудің бірыңғай штабының құрамына енген. 

Айта кетейік, облыста жыл сайын «Бактицид» құралымен 27 мың гектардан астам аумақ өңделеді. Бұл жерлерге Ертіс өзенінің жайылымы, шағын көлдер, қалалардың саяжай учаскелері жатады. Ертіс өзенінің негізгі арнасы да өңделеді. Бас-аяғы 1300 шақырымына ерітінді құйылады. Бұл өзеннің суларында  тіршілік ететін балықтар мен өсімдіктерге зиян келтірмейді.

Өзгелердің жаңалығы