Ертіс өңірінде коронавирустық инфекциямен екі мыңға жуық дәрігер күресуде

18 Наурыз 2021, 14:25
1509
Бөлісу:
Ертіс өңірінде коронавирустық инфекциямен екі мыңға жуық дәрігер күресуде
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында коронавирустық инфекциямен күрес жұмыстарына екі мыңға жуық ақ желеңді тартылған. Бүгінгі күні дәрігерлер қызметтерін жалғастыруда.

Қазіргі таңда облыста 1392 инфекциялық төсек-орын жасақталған. Жүктемесі әзірге 26,2%-ды құрап отыр. Ал қорда тағы 2300-ден астам инфекциялық және 220 карантиндік орын бар. Сонымен қатар 160 жансақтау төсек-орны қарастырылған. 

Сала мамандарының мәліметінше, инфекциялық стационарларға жатқызылатын науқастардың саны азайып келеді. Мәселен, ақпан айының соңғы аптасында орташа есеппен 500-ге жуық адам емделсе, соңғы аптада 426 адам ем-дом шараларын қабылдаған. Ал амбулаториялық деңгейде 2600-ден астам павлодарлық дәрігерлердің жіті бақылауына алынған. 

Облыс аумағында 175 мобильді бригада жұмыс істейді. Дәрігерлер тобы күніне орташа есеппен 265 шақырту алады. Ақпан айымен салыстырғанда шақыртулар саны 8,6%-ға төмендеген, - дейді мамандар. 

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, пандемия басталғалы аймақтың медицинасы қарқынды дами түсті.

Біз инфекция таралуының алғашқы толқынынан кейін қорытынды шығардық. Науқастар саны көбейген кезде, яғни, екінші толқынында аймақтың медициналық ұйымдары бұған дайын болдық. Мамандар шаралар жоспарын әзірлеп, сол жоспарға сәйкес жұмыс істедік. Мәселен, жедел жәрдем қызметінің автопаркі толық жаңартылды. Қысқа мерзімде модульді аурухана ашылды. Бүгінде 150 пациент ем қабылдап жатыр. Бұл емдеу мекемесі облыстық инфекциялық ауруханалардың жүктемесін барынша азайтты. Жасанды демалу аппараттарының паркі де жаңарды. Ірі мекемелерде тоғыз оттегі стансасы орнатылды, - дейді Айдар Сейітқазинов. 

Медицина бір орында тұрмайтыны анық. Облыста салада ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Мәселен, болашақта Павлодар қаласының бірінші ауруханасы реконструкцияланады. Сонымен қатар Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухана жаңа ғимаратқа көшіріледі. Қазіргі уақытта аумағы анықталып жатыр. 

Айта кетейік, инфекциямен күресіп жатқан дәрігерлер тобынан бөлек қосымша резерв жасақталған. Оның құрамында 600-ге жуық маман бар. Ақ желеңділер ауру тез таралса, жұмысқа жұмылдырылады.


Өзгелердің жаңалығы