Ертіс өңірінде жылдың соңына дейін 40 сумен қамту нысаны іске қосылады

17 Маусым 2019, 10:59
2088
Бөлісу:
Ертіс өңірінде жылдың соңына дейін 40 сумен қамту нысаны іске қосылады
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауылдық аймақтардың тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 2019 жылы 1 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірлік экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев мәлім етті.

«Биылғы жылы бұл  бағытта 53 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бірлесіп қаржыландыру шарттарын сақтау үшін 893 млн теңге бөлінген. Жылдың соңына дейін ауылдық аймақтарда 40 сумен қамту нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосылу көрсеткіші 39,9 пайызды құрайды», - деді Мақсат Тұрлыбаев.

Екібастұз қаласының Ақкөл ауылдық аймағында ауыл тұрғындарын су құбырына қосу үшін 120 млн теңге қарастырылған.

Моноқалаларда өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Екібастұзда жолдар мен көшелерді  жөндеу, жылумен жабдықтау жүйесінің құрылысы және Ақсу қаласында жарықтандыруды қайта құру бойынша бес жоба жүзеге асырылады.

Қалалардың сумен жабдықтау жүйесін дамыту үшін және Павлодар, Екібастұз қалаларында жаңа төрт жобаға қосымша 175 млн теңге  қаржыландырылады.  Аталған жобалар республикалық бюджетті нақтылау кезінде қолдау тапқан.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту үшін «Ауыл ел бесігі» жобасына енгізілген құны 1,6 млрд теңгеге 23 жоба жүзеге асырылады.  Ол үшін берлесіп қаржыландыру аясында облыстық бюджеттен 10 пайыз көлемінде 143,7 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға Тереңкөл, Железин, Ертіс және Баянауыл аудандарында жолдарды жөндеу, көшелерді көріктендіру, ауруханалар мен мектептерді, мәдениет үйлері мен  балабақшаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Өзгелердің жаңалығы