Ертең елордада ел чемпионаты басталады

2 Маусым 2022, 09:59
1729
Бөлісу:
Ертең елордада ел чемпионаты басталады

Нұр-Сұллтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен елордадағы «Қазанат» ипподромында 3 маусымнан бастап, екі апта бойы Жамбы ату және теңге ілуден ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді.

Чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен жалпы саны 150-ден аса спортшы қатысады. Жамбы атудан ел чемпионаты корей, түрік және қазақ стильдері бойынша өтеді – дейді Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай.

Оның сөзіне қарағанда, Теңге ілу чемпионатының биылғы ерекшелігі – ережеге енген өзгеріске байланысты, іріктеу сындарына 5, финалдық кезеңде 7 теңгеден қойылады. Яғни жарысқа қатысушы ойын барысында жерден 5 теңге ілсе, финалда 7 теңгеден іледі.

Жарыс жеңімпаздарына бас серіктес – Sport Qory қаржылай жүлде тағайындаған. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 1,5 млн теңге.

Жарыстың ашылу салтанаты Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, 4 маусым күні 10:00-де басталады.

Сондай-ақ, ашылу салтанаты аясында төрт қашықтықта (тай, құнан, кіші аламан, аламан) бәйге жарысы болады.

Жарыс кестесіне сәйкес, жамбы ату және теңге ілуден ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты 3-6 маусымда, жастар чемпионаты 9-13 маусымда, жасөспірімдер чемпионаты 15-18 маусымда өтеді.

Өзгелердің жаңалығы