Ернар Айдар заңсыз ұтыс ойынын өткізді деген күдікке ілінді

28 Сәуір 2020, 17:37
3232
Бөлісу:
Ернар Айдар заңсыз ұтыс ойынын өткізді деген күдікке ілінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының экономикалық тергеу департаменті мен полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде жалған лотерея ойынын ұйымдастырғандарды анықтады. 

Олардың арасында елге танымал әнші Ернар Айдар да бар. Бұл туралы экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде ұсталғандар жалған лотерея өткізіп, төрт автомобильді (екі седан мен екі джип), Алматыдағы бір бөлмелі пәтерді және тұрмыстық техниканы ұтысқа қойған.

Шын мәнінде, ұйымдастырушылардың меншігінде мұндай жүлде болмаған, олар адамдарды алдау және қатысушыларды сендіру үшін жеке тұлғалардан төрт автокөлікті жалға алған. Интернетте жарнама арқылы 20 000 лоторея билеті сатылған, әр билеттің құны – 9 900 теңге. Кездейсоқ сан арқылы жеңімпазды анықтауға арналған қосымшаға ұтысқа ие болатын билеттер нөмірі алдын ала енгізіліп қойған, - делінген баспасөз хабарламасында.

Қазіргі таңда, ҚР қылмыстық кодексі 190-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша (алаяқтық, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы) бірқатар азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Сонымен қатар, заңсыз лотерея ойынын ұйымдастырушылар төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ҚР әкімшілік кодексінің 476-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, 24 сәуірде әнші Ернар Айдар мен тағы 12 адам тікелей эфир кезінде ұсталғандығы белгілі болды. Содан кейін полиция оларды елдегі төтенше жағдайды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы