Қазақстан халық партиясының төрағасы ауысты

Кезектен тыс съезде делегаттар Нұрсұлтан Шоқановтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, партияның жаңартылған Жарғысы мен жаңа айдентикасын бекітті.

 Қазақстан халық партиясы Бүгiн 2026, 14:39
Бүгiн 2026, 14:39
236
Фото: Қазақстан халық партиясы

Астанада Қазақстан халық партиясының кезектен тыс съезі өтті. Делегаттар партияның жаңа төрағасы болып Нұрсұлтан Шоқановты сайлады.

Партияның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев съезд делегаттарының алдында сөз сөйлеп, соңғы үш жылдағы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды. Оның айтуынша, Қазақстан халық партиясы декларация жасаумен шектелмей, азаматтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған саяси күш ретінде өз ұстанымын нығайтты.

Бүгінде Қазақстан халық партиясы – адамдар көмек сұрап келетін орынға айналды. Бұл – біздің жұмысымыздың ең басты нәтижесі, – деді Ертісбаев.

Ол партия Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру бағытын дәйекті түрде қолдайтынын және елде жүзеге асырылып жатқан саяси әрі әлеуметтік-экономикалық реформаларға алдағы уақытта да өз үлесін қоса беретінін атап өтті.

Ертісбаевтың айтуынша, VIII шақырылым басталғалы бері партия фракциясының депутаттары Үкіметтің атына азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді қамтыған 591 депутаттық сауал жолдаған. Осы кезеңде Қазақстан халық партиясының қатарына 43 мыңнан астам жаңа жақтас қосылды. Сонымен қатар соңғы жылдары партияның қоғамдық және медиа кеңістіктегі белсенділігі едәуір артқанын айтты.

Біз оқиғаға жай ғана жауап беруді емес, қоғамдық күн тәртібін қалыптастыруды үйрендік. Ең маңызды мәселелерді көтеріп, адамдардың проблемалары жабық есік жағдайында емес, ашық айтылуына ықпал еттік. Бүгінде қоғам назарын аударту – нақты ықпал ету мен мәселені шешудің тиімді құралы. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып келеміз, – деді ол.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан халық партиясы елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан қоғамдық-саяси медиажүйелердің бірін қалыптастырды. Қазір партияның ресми цифрлық платформаларында 1,1 миллионнан астам жазылушы бар. Жарияланған материалдардың жалпы қаралымы 600 миллионнан асып, пікірлер мен азаматтардың өтініштері шамамен бір миллионға жеткен.

Бұл көрсеткіштер қоғамның партияға деген сенімінің жоғары екенін және ұйымның халықпен тұрақты әрі мазмұнды байланыс орната алғанын көрсетеді.

Ертісбаев осы жылдар ішінде партия басшылығы елдің барлық өңіріне дерлік барып, азаматтармен, еңбек ұжымдарымен, қоғам белсенділерімен және жастармен жүздеген кездесу өткізгенін айтты. Оның сөзінше, халықпен тікелей жүздесу және мыңдаған жаңа мүшеге партия билеттерін табыстау қоғамның нақты сұранысын тереңірек түсінуге әрі партия жұмысының алдағы басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берген.

Партия басшылығының ауысуына тоқталған Ертісбаев кез келген саяси ұйым үшін жаңару табиғи даму кезеңі екенін айтты. Әсіресе Қазақстан жаңа Конституция қабылданғаннан кейін ауқымды саяси өзгерістерді бастан өткеріп жатқан қазіргі жағдайда мұндай өзгерістердің маңызы зор екенін атап өтті.

Дамудың әрбір кезеңі жаңаруды талап етеді. Бұл – алға жылжу үшін қажет табиғи үдеріс, – деді ол.

Ертісбаевтың айтуынша, Қазақстан халық партиясы меритократия, кәсіби біліктілік, жауапкершілік және сабақтастық қағидаттарына негізделген заманауи басқару мәдениетін жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Сондықтан жаңа төраға кандидатурасын анықтағанда оның нақты жұмыс нәтижелері, басқарушылық тәжірибесі, көшбасшылық қасиеті, команданы біріктіре білу қабілеті және партияның одан әрі дамуын қамтамасыз ету мүмкіндігі ескерілген.

Дауыс беру қорытындысы бойынша делегаттар Қазақстан халық партиясының төрағасы болып Нұрсұлтан Шоқановты сайлады.

Жаңа төрағаны таныстырған Ермұхамет Ертісбаев Нұрсұлтан Шоқановтың партия жұмысының барлық негізгі кезеңінен өткен тәжірибелі азамат екенін атап өтті. Оның айтуынша, ол өңірлік ұйымдарды басқарудан бастап, партияның маңызды ұйымдастырушылық жобаларын жүзеге асыруға дейінгі жұмыстарға қатысқан. Сонымен қатар ұйымның ішкі жұмысын жақсы біледі, заманауи басқару тәжірибесіне ие және әріптестері арасында зор құрметке ие.

Наверх