Париж Олимпиадасының алғашқы күні қоржынымызға алтын түсіп, абыройымыз асқақтады. Бұл жүлдені сыйлаған дзюдошы Елдос Сметов болды. Үш Олимпиада ойындарына қатысып, жүлдесіз қайтпаған қайсар Елдостың спорттағы жолы қалай басталды шолу жасаған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бала күнінде «Елдос Әлем чемпионы» деп күнделік жазған спортшының арманы орындалып, Әлем тіпті Олимпиада чемпионы атанды.
Бала Елдос қандай болды?
Елдос Сметов Жамбыл облысы, Тұрар Рұсқұлов ауданы, Жалпақсаз селосында 1992 дүниеге келген. Әкесі-жеке кәсіпкер, анасы-үй шаруасымен айналысады. Елдостың дзюдо спортына келуіне ағалары себепкер болған. Алғашқы жаттығуы ауылдан қалаға көшіп келген үйінің жанындағы спорт мектебінен басталады. Бала күнінде жалаң аяқ жүргенді жақсы көретін Елдос ширақ болып өседі.
Көктем шықты аяқ киімін кимейтін. Жалаң аяқ жүргенде табанынан тастар ұшатын. Жаздай жүріп, күзде аяқ киімін бір-ақ киетін. Ауылдан қалаға көшіп келгенде үйіміздің қасында спорт мектебі болды. Біз жұмысқа кеткенде екі ағасына еріп, үшеуі сол мектепке барыпты. Ана залға, мына залға барады. Бірақ кіргізбейді. Дзюдо деген залды көріп сол жерге барады, -дейді әкесі Бақтыбай Сметов.
Ашық, жарқын мінезді бала Елдос дзюдо залына келіп бапкерден қатысуға бола ма деп сұрайды. Қарсылық танытпаған Ахмет Жұмағұлов ағайымен осылай танысады.
Қатысуға болады. Ойнап, жүре беріңдер дедім. Жаттығу жасап жүрді. 1 ай уақыт өткен соң белгілі бола бастады. Бір ескі кимоно бердім. Барып анаңа айтып тарылтып ал, ертең жаттығуға кешікпей кел дедім,-деп еске алды алғашқы жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұлов.
Алғаш киген кимоносын қызық көрген ол ағасымен үйде алысып, күресуді бастап кетеді. Бала күнгі арманын ақиқатқа айналдыру үшін тынымсыз еңбек етеді. Ең алғашқы жарыс жолы Алматы қаласынан басталады. Жүлде қорына теледидар беріледі дегенді естіген Елдостың сол кездегі мақсаты турнирде жеңімпаз атанып, жүлдені қанжығасына байлауды ойлайды.
Үйімізде кнопкамен қосатын теледидар бар еді. Сол уақыттары пультпен басқаратын теледидарлар шыға бастады. Біреудің үйінде сондай бар екен. Біз қашан аламыз деп жүретін. Содан әкесіне менімен бірге жарысқа жүріңіз, ертең телевизор ұтып аламын. Соны көтеріп қайтасыз деп айтатын, -дейді анасы Тоқтагүл Сметова.
Айтқанынан қайтпайтын, алға қойған мақсатына жетуді көздеген Елдос бұл жарыста жеңімпаз атанады. Алайда теледидар емес, басқа сыйлық беріледі. Бірақ бұл жағдай бала Елдостың көңіл-күйін түсіргенімен, жігерін жасытпады. Керісінше одан да мықты болып, шыныға түсті. Жігітке жеті өнер де аз. Ол тек спортпен ғана шұғылданып қоймады. Өнерден де алыс емес екенін байқатты.
Алтыншы сыныпта болса керек, Астанадағы спорт мектебінде оқып жүрген. Баламның жағдайын білу үшін, мектебіне бардым. Мен барғанда оқушылар мерекелік концерт қойып, өнерлерін көрсетіп жатыр екен. Сол шарада Елдостың ән айтқанын алғаш рет көрдім. Екі ағасы да спортпен айналысты. Кейіннен Бақберген деген ағасы өнер саласына ауысып, «Мерей» тобында ән де айтты. Аспаптың кез келген түрінде ойнайды. Жалпы, отбасымыз спорт пен әнге жақын,- дейді әкесі Бақтыбай Сметов.
Жарыс жолындағы жеңістер мен жеңілістер
Тынымсыз еңбек пен төккен тер ақталды. Өмір жолында дзюдо спортын таңдаған Елдостың алғашқы жарысы 5 жасында басталды. Бала күні ел шіндегі чемпионаттарға қатысуы қиын болады. Оған себеп...
Қазақстан чемпионатына 32 келідегі балуандар жіберіледі. Елдос өз салмағында ең кішкентайы, тіпті жетпейді. Салмағы 19 келі болды,- дейді жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұлов.
Бірақ ол мұнымен тоқтап қалғысы келмейді.
Менен кейінгі інім Жандос екеуміз гаражға барып, аккумуляторды бұзып, ішіндегі қорғасындарын алып, ерітіп, төртбұрышты етіп сіріңкенің қорабына салдық. Анамыз қорапты матаға тігіп, іш киімнің ішіне байлады. Бірақ 2 кг ғана қосты, -дейді ағасы Бақберген Сметов.
Бала күнгі салмағының аздығы жарысқа қатысуға кедергі болғанымен, жасөспірім шақта додаларға қатысуға мүмкіндік алды.
Өжет, айтқанын қайтпайды. Біреуден жеңілді ме соны қайтармай қоймайды. Аяқ-қолы 8-9 рет сынды. Басынан жарақат алды. Бір айдан кейін күреске қайтып келеді. Кейбір балалар тастап кететін. Ал ол ештеңеден қорықпайды. 8 жылдай қолымда болды. 8-сыныпта Алматыдағы интернатқа барамын, сонда оқимын деп кетті, -дейді алғашқы жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұлов.
Интернатта оқуға мүмкіндік алған Елдос Ғалымжан Жылгелдиевтің қолына келеді. Ерінбей еңбек етудің жемісі мен жеңісі бар екеніне сенеді. Тынымсыз жаттығу жұмыстарын жасайды.
Таңғы топ сағат 10:00 де басталады. Соған келіп жаттығу істейді. Одан 15:00 дегі жаттығуға келеді. Одан 17:30 ересек балалардың жаттығуына қатысады. Жаттығуды 3 мезгіл жасайды. Азия ойындарына (Инчхон-2014) дайындық болып жатыр. Инчхонға кетуімізге 1 апта қалды. Бір жаттығуда қабырғасын ауыртып алды. Елдос жүгіріп жгутты тарта бастады. Сенің қабырғаң ауырып тұр ғой десем, «мейлі, ауырса да жасаймын» деді. Бір батырлығы сол жері ұнады. Еңбек еткенін көрдім. Ішімнен сен «чемпион боласың» -деп еске алды бапкері Ғалымжан Жылгелдиев.
Дәл осы жарыс алдында ол: Бүгінге дейін қазақ дзюдошылары Азия ойындарында алтын алмады. Осы қағиданы бұзып, Инчхон төрінде еліміздің көк байрағын желбіретсем деймін. Бұл - менің ізгі арманым. Бірінші жарыс күнінде Азамат Мұқанов та шығады. Екеуміз жігіттерге жеңісті жолды бастап берсек деген тілегім бар, деген еді.
Көзіндегі отты байқаған бапкердің айтқаны дөп келді. Азия ойындарының финалында моңғолиялық Болдбаатар Ганбатты жеңіп чемпион атанды.
2011 жылдан бастап ірі жарыстарда бой көрсете бастаған Елдос сәтсіздіктерге де тап болды. Жеңіс бар жерде жеңілістің қатар жүретіні белгілі. Ондай сәттерде ата-ананың қолдауы күш жігер беретін сөзсіз.
Бір жарысқа барып, ертесіне телефон шалды. Жеңілген бе, әлде ағайынан сөз естіген бе, көңіл-күйі жоқ. Оның алдында да бір-екі жарыста жолы болмай жүрді. «Мама, мен қазір киімдерімді тастап, бәріне қол сілтеп үйге қайтайын ба?» - деді. Мен: «Ұлым, олай болмайды. Қандай дүние болмасын, оңайшылықпен келмейді. Бұлай болды екен деп, бәріне қол сілтей берсең, сенен ештеңе шықпайды. Олай істеме деп қолдау сөздерімді айттым,-дейді анасы.
Ана жүрегі сезді, білді, сенді!
Ер кезегі үшке дейін
Елдос Олимпиада ойындарына дейін бірнеше жарысқа қатысты. Дзюдодағы барлық жарыстың медалі қоржынында бар еді. Жетпей тұрғаны тек Олимпиада алтыны болды. Жастар арасындағы Әлем чемпионы (2010, Марокко), Жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011, ОАР), Гран-при турнирінің қола медаль иегері (2011, Қытай), Әлем Кубогының жеңімпазы (2011, Өзбекстан), Еуропа Ашық Кубогының чемпионы (2013, Польша), Еуропа Ашық Кубогының күміс жүлдегері (2013, Грузия), Гран-при турнирінің күміс жүлдегері (2013, Түркия), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2013, Таиланд), Гран-при турнирінің екі дүркін чемпионы (2013, Алматы, 2014, Астана), Клубтар арасындағы Қазақстан чемпионатында «TAK Astana Club» клубы сапында жеңімпаз атанған (2013, Астана), Гран-при турнирінің күміс жүлдегері (2014, Түркия), Еуропа Ашық Кубогының қола жүлдегері (2014, Германия), Азия ойындарының жеңімпазы (2014, Оңтүстік Корея). Әлем чемпионы (2015, Астана) ҚР спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Үшінші рет Олимпиадаға қатысқан Елдостың арманы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың ізін жалғап, қазаққа алтын сыйлау болды. Алғашқы екі Олимпиададан жүлдесіз қайтпады. Барша Қазақ елін қуанытты. Алайда алтынның орны бөлек екенін білді. Спортшының арманы да сол еді. 2016 жылы Рио Олимпиадасында 60 кг салмақта ел намысын қорғаған Елдос финалда ресейлік Беслан Мудрановқа жеңіліп, Олимпиаданың күміс жүлдесін иеленді. Бұл салмақта елімізде бәсеке жоғары. Мықты қашан да мықты. Екінші рет Олимпиадаға барды. 60 келі салмақта сынға түскен Елдос Сметов жұбаныш белдесуде Нидерланд өкілі Торние Цакаджоені жеңді. Жеңімпаз қосымша уақытта анықталып, Елдос «ваза-ари» ұпайын иеленіп, қола жүлдені қанағат тұтты. Үшінші Олимпиадаға қатысуда үлкен сұрақ болды. Алайда ержігіт мойымады, жасымады. Елде іріктеу белдесуі өтті. 20 жыл жинаған тәжірибе мен еңбектің арқасында бұл сыннан сүрінбеді.
Париж-2024: Тарихи сәт
Париж-2024 Олимпиадасының алғашқы күні қазақ елі ерекше қуанған сәт болды. Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз шырқалды. Елдос ел үмітін ақтады. Қатарынан үш бірдей Олимпиада ойындарыда медаль алған тұңғыш қазақ спортшысы атанды. Парижде жеребе оңай болған жоқ. Іріктеуде Торнике Чкадуаны (Нидерланд), Дильшот Халматовты (Украина), ширек финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Янг Ю Вейді (Тайпей) жеңді. Ал жартылай финалда әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы Франсиско Гарригостан (Испания) қосымша уақытта (golden score) айласын асырды. Финалда Лука Мхеидземен (Франция) күресіп, алтынан алқа тақты.
Бүгін, міне, елімізде тарих жаңарып отыр. Күрес түрлерінен Жақсылық атамыздан кейінгі Олимпиада чемпионы болу тағыдырымызға жазылған екен. Біріншісінде көрдік, күміс болды, екіншісінде қола болды. Енді үшіншісінде бел буып келген тұсымызда жетістікке қол жеткіздік. Бұл көптеген еңбекті талап етті, қаншама қиыншылықтардан өткеннен кейін Алла тағала тағдырымызға жазған екен өте қуаныштымын,- деді Елдос Сметов.
Қазақ спортының тарихына Елдостың аты алтын әріппен осылай жазылды.