Ерлан Қошанов: Бірлік пен сенім – жаңа Қазақстанның негізгі тірегі

8 Маусым 2022, 10:15
4398
Бөлісу:
Ерлан Қошанов: Бірлік пен сенім – жаңа Қазақстанның негізгі тірегі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов референдумның қорытындысына қатысты ойын айтты.

Баршаңызды Қазақстанның жаңартылған Конституциясымен құттықтаймын. Өткен референдумның қорытындысы бойынша қазақстандықтардың басым көпшілігі Президенттің жаңғыру бағытындағы бастамаларын қолдайтынын көрсетті. Азаматтарымыздың сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруі Мемлекет басшысының бастамаларына сенімінің көрсеткіші, - деді ол.

Төраға ел болып жұмылып, референдумды абыроймен өткізіп алғанымызды айтты.

Депутаттар күніне 250-ге жуық кездесу өткізді. Сіздер Президент реформаларын халыққа түсіндіруге үлкен үлес қостыңыздар. Бұл референдумның ел болашағы үшін тарихи маңызы зор. Халқымыз өз тағдырын өзі айқындады. Бірлігі бекем ел екенін бүкіл әлемге паш етіп, болашаққа нық сеніммен бара жатырмыз. Бірлік пен сенім – жаңа Қазақстанның негізгі тірегі. Халқымызда ертеңге деген сенім, ауызбіршілік, татулық пен тұрақтылық бар, - деп атап өтті Мәжіліс басшысы.

Қошанов енді Президенттің маңайына топтасып, осы сенім мен ынтымақты еселей түсуіміз керек. Алға қойған биік мақсаттың бәріне бірдей қол жеткізуіміз қажет. 

Референдум жаңа Қазақстанға жол ашты. Оны халқымыздың жақсы қабылдағанын барлығымыз көріп, біліп, сезіп отырмыз. Халықаралық және отандық сарапшылар да науқанның әділ әрі ашық өткенін айтып, жақсы пікір білдіріп жатыр. Бұл – үлкен істің басы ғана. Алдымызда маңызды әрі ауқымды жұмыстар күтіп тұр, - деп толықтырды Ерлан Қошанов.

Палата төрағасы енді конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру кезеңіне көшетінімізді айтты. Сол себепті ол ортақ іске жұмылып, бір кісідей атсалысуға шақырды. 

Өзгелердің жаңалығы