Ерлан Қарин Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысымен кездесті

26 Қазан 2022, 20:17
733
Бөлісу:
Ерлан Қарин Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысымен кездесті
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Суйунбек Касмамбетовпен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты мәлімдеді.

Кездесуде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту, өзара ынтымақтастық аясын кеңейту  мәселелері талқыланды.

Ерлан Қарин соңғы жылдары екі елдің көптеген мәдени және ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асырып жатқанын айтты. Мұның барлығы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының ерекше сипатын және біздің Қырғызстанмен стратегиялық серіктестікті нығайтуға ниетті екенімізді көрсететінін жеткізді.

Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың мәні мен маңызына тоқталды. Оның ішінде, Конституциялық реформалардың ерекшелігі, республикалық референдум қорытындылары, алдағы сайлаулардың мазмұны жайында атап өтті.

Суйунбек Касмамбетов Қырғызстан тарапы Қазақстанда атқарылып жатқан саяси реформаларды жоғары бағалайтынын және олардың сәтті жүзеге асуына тілектес екендерін жеткізді.

Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойлары өз елдерінде кең көлемде аталып өткенін жеткізді. Бұдан бөлек биыл қазақ-қырғыз өнерпаздарының қатысуымен 19 ірі іс-шара өткізіп, екі елдің мәдени байланысының нығая түскенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы