Отырыста ішкі саясаттың қазіргі күн тәртібі қаралып, алдағы уақытта өтетін Еңбек күні секілді негізгі іс-шараларға дайындық барысы егжей-тегжейлі пысықталды.
Вице-Президент қоғамда еңбекқорлық пен өркендеу идеологиясын ілгерілету бағытындағы қарқынды жұмысты жалғастыру қажет екенін айрықша атап өтті.
– Мемлекет конституциялық құндылықтарды жан-жақты ілгерілетуде. Бұл қатарда еңбекқорлық пен прогресс, жұмысшы мамандықтар өкілдеріне құрмет көрсету де бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасампаз еңбек идеологиясын насихаттауға айрықша мән беріп, өз ісінің майталмандарын, еңбек әулеттерінің өкілдерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттап келеді, - деді Вице-президент.

Осы орайда, ақпараттық кеңістікте еңбек адамдарының жетістіктері мен ғұмыр жолын үнемі насихаттап, олардың еліміздің озық дамуына қосып отырған үлесін атап көрсеткен жөн. Отандық IT-жобалардың, стартаптардың табысты нәтижелеріне, жаңа цифрлық технологиялардың енгізілуіне айрықша назар аудару қажет. Бұл жұмыс белгілі бір іс-шаралармен ғана шектелмей, тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуге тиіс.
– Түпкі мақсат – Президент айқындап бергендей, еңбекқорлықты ұлттық сипатымыздың ажырамас бөлігіне айналдыру, – деді Ерлан Қарин.
Кеңес қорытындысы бойынша Вице-Президент жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясаттың қазіргі күн тәртібіне қатысты нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының барлық бастамасы мен тапсырмасының тиімді іске асырылуын қамтамасыз етіп, олардың орындалуын бақылауды одан әрі жалғастыру қажет екенін айтты.
Еске салайық, бұған дейін Вице-президент салалық мемлекеттік органдарға конституциялық құндылықтарды дәріптеуді күшейтуді тапсырды.
Айым Серікбайқызы