Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында радио ардагерлерінен сұқбат алып, 100 жылдық жылнаманы "Ғасыр күнделігі" айдарында беріп отыруды қолға алдық. BAQ.KZ ақпараттық агенттігінің бұл жобасы тек қана Қазақ радиосының жүз жылдығымен шектеліп қалмайды. Сонымен қатар ұлт нәубетіне айналған ашаршылықтың да 100 жылдығы назардан тыс қалмайды. Бұл айдар негізінен 100 жылдық оқиғаларды қамтитын болады.
- Ерлан Қалижанұлы, қазіргі уақытта өзіңізді қалам ұстаған қауым «Қазақ журналистикасының топ-менеджері» ретінде таниды. Сонау аласапыран басталар сәттегі журналистік жолыңызды Қазақ радиосының «Панорама дня» бағдарламасынан бастадыңыз. Және осы радиода табан аудармай 7 жылдай қызмет атқардыңыз. Сол кездерді бір еске алыңызшы?
- ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітіргеннен кейін менің алдымда екі таңдау тұрды – танымал «Молодежный четверг» бағдарламасының редакторы ретінде теледидарға бару немесе «Қазақ радиосының» жаңалықтар бағдарламасы аясындағы спорт бөліміне орналасу. Таңдауым белгілі бір дәрежеде болашақ тағдырды анықтайтын болғандықтан, байыпты түрде мен үлкен кісілермен кеңесуді жөн көрдім. Солардың бірі – Қазақ КСРО Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы, менің ойымша, еліміздің көрнекті адамдарының бірі – Камал Сейітжанұлы Смаилов. Үлкен тәжірибесі бар, өз саласын жетік меңгерген, мыңдаған кәсіпқой маманды дайындаған ол радио мектебінен өтуге кеңес берді. Ол кісінің айтуы бойынша, «журналист болғысы келетін адам үшін радио өте жақсы бастама». Бұл кеңес мен үшін өте құнды болды және мен бір кездері сол ақыл-кеңесті ұстанғаныма еш өкінбеймін.
Алайда, іс жүзінде бәрі басында көрінгендей оңай әрі романтикаға толы болмай шықты. Жұмысқа енді ғана аяқ басқан мені спорт журналистикасының аңызы Диас Омаровпен бірге Медеуде өткен конькимен сырғанаудан КСРО чемпионатын тізгіндеуге жіберді. Сол сәт әлі есімде... Чемпионат есебін дайындау кезінің өзінде Диас Ілиясұлы менің спорттық тақырыптарды онша білмейтінімді, мен үшін көп нәрсенің беймәлім екенін бірден түсінді.
Бұл өзімнің спортпен айналысатыныма қарамастан, барлық спортқа қатысты нақты шартты терминдерді білмейтіндігімнің салдары болды. Сол репортаж мен үшін қаншалықты қиын болғанын көрген Диас Омаров мұндай спорттық терминдік қормен алысқа ұзамайтынымды және маған шыңдалып, дайындалуым керектігін, арнайы терминдерді жаттауым керегін ескертті.
Жалпы, журналистика саласының жоғарғы көрсеткіші саналатын тікелей эфирлер тәжірибесін қолданғанының арқасында спорт редакциясы жақсы мектеп болды. Осы жұмыстың арқасында мен бүкіл Кеңес одағын араладым, барлық негізгі спорт түрлері бойынша КСРО чемпионаттарын қамтыдым. Бұл менің әрі қарайғы кәсіби дамуымның негізін құруға мүмкіндік берген баға жетпес тәжірибе еді.
Ол кезде радиода негізінен айтылым жанрындағы спектакльдер, сұхбаттар, жаңалықтар мен бағдарламалар ойнатылатын, ал музыка белгілі бір мамандандырылған бағдарламаларда ғана болатын.
Осы жағдайды ескере отырып, Қазақ радиосында осы күндері әдетке айналған, бірақ сол кезең үшін мүлдем жаңа – музыка мен ақпарат алмасып отыратын «Тәулік тынысы» деп аталатын бағдарлама ашылды. Бір ғажабы, бұл бүкілодақтық радио үшін шығармашылық тәсіл болды. Сол кезде бас редакторымыз болған ең қуатты радиожурналистердің бірі Анатолий Солдатенко мені осы бағдарламаға жүргізуші-редактор ретінде шақырды.
Бұл ақпараттық-музыка бөлімі таңертеңгі сегізден күндізгі сағат бірге дейін тікелей эфирде тізгінделіп отыратын бағдарлама еді. Сол кезең үшін бұл жоба – ең ауқымды әрі ең ұзақ уақытпен шығатын жобалардың бірегейі болатын. Өзінің жаңалықтары мен ойын-сауық сипатының арқасында ол тез арада танымал болды. Бұл А.Солдатенко бастаған кәсіпқойлар тобының үйлесімді жұмысының арқасында жүзеге асты.
Әрине, мен өзімнің шығармашылық қырымды барлық жағынан ашуға тамаша мүмкіндік сыйлаған сол күндерді ерекше ықыласпен еске аламын. Әлбетте, маған өз ісінің нағыз мамандары: Гүлнәр Байтеміровамен, Болат Жұмағалиевпен, Өмірзақ Жолымбетовпен, Ержан Мұхамеджановпен, Төлежан Барлыбаев, тағы да басқа тұлғалармен жұмыс істеудің тамаша мүмкіндігі берілді.
- Сіз қызметке келгеннен кейін бір жылға жетер-жетпес уақытта әйгілі 86 жылғы оқиға болды. Сол кездегі ақпарат тарату қалай болған еді?
- Сол күні мен Желтоқсан көшесіндегі бас кеңседен Сәтбаев көшесінде орналасқан Қазақ радиосының редакциясына бет алдым. Құқық қорғау органдарының адамдары бұл аймақты қоршап алған деуге болады. Азаматтық киім киген адамдар көп болды. Олар мені тоқтатып, түрлі сұрақтар қойып, менің қолымдағы бір бума қағаздың мазмұнымен танысып, содан кейін ғана мені ғимаратқа кіргізді. Кабинетіме көтеріліп бара жатқанда камерасы бар бейтаныс бір ер адамды байқадым. Маған оның біздің кеңсенің терезелерінен видео түсіріп жатқан арнайы қызмет офицері екенін айтты.
Сол кезде қатаң шаралар қабылданған болатын. Жұмыс уақытында бәрінің өз орындарында болуын қадағалады. Мемлекеттік телерадио жүйесінде қауіпсіздік режимі енгізілді. Менің спорт редакциясында қызмет істейтініме байланысты бұл біздің жұмысымызға ақпарат тарату жағынан ерекше әсер етті деп айта алмаймын. Алайда, қаладағы жағдай шегіне дейін қызды.
Бір досым сол сәтте белгілі бір уақыт өткеннен кейін алаңға шыққан жігіттер мен қыздар батыр саналады деп айтқан еді. Бұл шынымен де ыдырай бастаған үлкен империядағы демократияның ұшқыны болды.
- Радиожурналистика газет пен телеарнаға қарағанда үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ол жерде телеарнадағыдай келбет не газеттегідей әріп емес, үніңіз бен дауыс ырғағыңыз рөл ойнайды. Журналистік жолыңыздың радиодан бастау алуына не себеп болды?
- Журналистикадағы шартты рейтингке сәйкес, әрқашан ең қуатты журналистер газет қызметкерлері болып саналады. Екінші орынды радиожурналистер, ал үшінші орынды теледидар қызметкерлері алатын. Өйткені теледидар эфирінде мәтіндегі кейбір кемшіліктерді «суретпен» жаба салуға болады. Мұны газетте жасау мүмкін емес, өйткені материал сол күйінде оқылады, радиода да дәл сол сияқты тізгіндеушінің дауысын тыңдай отырып, кез келген қателіктерді бірден аңғаруға болады. Сондықтан жаңадан бастаған журналист үшін радиода жұмыс істеп көру – үлкен мектеп. Себебі оның жоғарыдағыдай қырларының арқасында біз кәсіптің мәніне қанық болып, дауысқа басты назар аударуды жіті меңгердік.
Бір қызығы, телевизия саласында камера адамға әр түрлі әсер етеді. Ол кейбіреулерді «жақсы көре алады», ал біреулердің сыртқы келбетін айтарлықтай өзгерте алады, тіпті әрдайым жақсы жаққа қарай өзгертпейтіні де анық... Алайда, бұл әрдайым сыртқы түрге байланысты емес. Мысалы, мен өмірде жақыннан көргенде ешкім тани бермейтін, бірақ эфирде ашылып, мүлде басқа адам болып шығатын, жарқын бейнесімен көрерменнің көзайымына айналған көптеген тележүргізушіні білемін. Ал радиодағы жағдайға келетін болсақ, егер тізгіндеушінің дауысы таспада сәтті «үйлесім тапса», ол тыңдармандардың есінде тез сақталады. Егер оның дауысы «үйлесім таппаса», онда тізгіндеуші не істесе де, дауысы тыңдармандарға «естілмейтін» болады.
- Радиожурналистикадағы ұстазыңыз кім? Кімдерді үлгі тұттыңыз?
- Радиожурналистикада, жалпы журналистикада жоғарыда айтып өткен Анатолий Солдатенконы басты тәлімгерлерімнің бірі деп есептеймін. Кәсіпқой, нағыз интеллектуал, өзіне жарасымды тамаша әрі әдемі стилі бар лайықты басшы. Сонымен бірге ол адами қарым-қатынаста өте оңай тіл табыса білді. Мамандықтың барлық нәзік тұстарын оңай түсіндіріп, жұмыста ескертулер алған кезде де әділ болып қала берді. Онымен тілдескен кездерімде кеше ғана келген студент, жаңадан келген журналист болсам да, ешқандай немқұрайлылықты ешқашан сезінген емеспін.
Сол кезде онымен бірге жұмыс істегендердің барлығы оған үлкен құрметпен қарайтын. Сол «барлығы» деп отырған қызметкерлер уақыт өте келе елге танымал журналистер болды. Олар: Сергей Пономарев, Әмір Өмірбеков, Нұржан Мұхамеджанова, Сергей Насыров т.б. еді.
Мен, сондай-ақ, ұстазым ретінде қазақстандық журналистиканың өте талапшыл, бірақ сонымен бірге өте әділетті адам – Мария Лебедеваны атап өткім келеді. Тәлімгер ретінде ол жас журналистерге өте қатал тәрбие берді, оларды сөзбе-сөз оқытты. Мүмкін мұндай тәсіл көбіне ұнамаған шығар, бірақ уақыт өте келе бәрі осындай оқытудың маңыздылығы мен артықшылығын түсінді деп ойлаймын. Мария Семеновна талантты студенттердің бір топ шоқ жұлдызын тәрбиелеп, ұзақ әрі қызықты өмір сүре білді.
- Сіз радиода істеген соңғы жылдары Қазақ елі тәуелсіздігін алып, тарихтың жаңа парағын ашып жатқан еді. Тәуелсіздікті алғаш болып радиодан берген кездер туралы айтсаңыз.
- 1986 жылғы оқиғалар өзгерістің алғашқы желісі болған шығар. Көпшілік жаңа заманның келе жатқанын түсіне бастады. Қайта құру мен ашық ақпараттың таралуы – жаһандық жаңалықтың болатынын ойлауға және түсінуге себеп болды. Ол кезде ең қуатты империя Кеңес одағы құлайды деп ойлау расында да қиын еді.
Сондықтан да шығар, қазақстандықтар ел тәуелсіздігінің маңыздылығын толық түсінбеді. Көп адам мемлекет ретінде болашақта күтіп тұрған көптеген проблемамен жалғыз қалдық деп ойлап, қорқыныш үрейімен бетпе-бет келді деп айтсам, артық айтқандық болмас.
Журналистік ортада да сол сезімдер болды. Сондықтан да олар тәуелсіздігімізді жариялаған жаңалықтарды шаттық пен уайым, тағатсыздана күту сынды сан түрлі сезімдермен әзірледі. Сол кезде көпшілік бұл күннің келгеніне сенбеді. Бірақ барлық журналист қауым мүмкіндігінше сол тарихи сәтті сезінгісі келді. Редакциялық алқа шабыттандырды, әріптестердің материалдарының мазмұнынан-ақ көтеріңкі көңіл-күй сезілді. Уақыт біздің еліміз үшін еңселі егемендіктен маңызды ештеңе жоқ екенін көрсетті.
- Сол радиода жүрген кездегі есте қалар ерекше естелігіңіз болса, айтып берсеңіз...
- Әрине, осы 7 жылдық жұмыс барысында әртүрлі оқиғалар болды, олардың кейбіреулері кейінірек нағыз комедияға айналды.
«Тәулік тынысы» бағдарламасында жұмыс істеген кезде күн сайын тікелей эфир болатын. Есімде, солардың біріне бір рет кешігіп келдім. Бақытымызға орай, шығарылымның редакторы Сергей Пономарев болып, ол менің эфирге уақытында келмегенімді түсініп, студияға кіріп, мен үшін кіріспе сөз сөйлеп, көрермендерге жайдары сәлем жолдады. Осыдан кейін бірден ауа-райы болжамы бар бөлім басталды, сол кезде мен студияға ентіге кіріп, бағдарламаны жалғастырдым. Эфир аяқталғаннан кейін мені бас редактор Анатолий Солдатенко шақырды. Ол өзіне ғана тән интонациясымен: «Дауысыңа не болды? Бір дауыспен амандасып, екіншісімен жалғастырасың?..» - деп сұрады. Осылайша, ол біздің Сергеймен «тындырған» әрекетімізді байқап қойғандығын жеткізді.
Спорттық трансляцияларды көрсету кезінде де қызық жағдайлар болды. Бірде Ригада тікелей эфир ұйымдастырған кезде мен баскетболдан КСРО Чемпионаты туралы пікір айтуға мүмкіндік алдым. Ригалықтардың атақты «ВЭФ» командасы ойнады. Сол кезде үш ұпай лақтыру ережесі енгізілді. Кездесудің аяқталуына бірнеше минут қалғанда «ВЭФ» ойыншыларының бірі допты лақтырып жіберді, дәл сол сәтте ойым басқа жаққа бөлініп кетіп, доптың қай аймақтан лақтырылғанын көре алмай, оның себетке түскен шағын бір-ақ байқадым. Автоматты түрде оны екі ұпай деп есептеп жіберіп, эфирді аяқтадым. Кездесу аяқталғаннан кейін бірден таблоға қарап, дұрыс емес есепті көріп, қателескенімді түсініп, қатты таңғалдым. Журналистикаға жаңадан аяқ басқан мен үшін бұл жіберілген қателік – айтып келмейтін апатпен тең еді. Бұл жағдайдың мені қатты алаңдатқанын мойындаймын, десе де, өте зейінді болудың маңыздылығы туралы таптырмас сабақ алдым.
Тағы бір есте қаларлық оқиға. Журналистер арасында 90-жылдардың басында іс-сапардан келе жатқан Президентті әуежайдан тікелей күтіп алып, эмоциясы мен әсері басылмай тұрған кезде пікірін сұрау, сұхбатты өз аузынан жазып алу дәстүрге айналған кез. Айтылмаған ережеге сәйкес, бірінші болып телевизия тілшілері сұрақ қоятын, ал радио қызметкерлеріне, мен сол кезде радио қызметкері едім, солардан қалған уақытта ғана сұрақтарымызды қоюға рұқсат берілетін. Бірде осындай сапарлардың бірінде мен мұндай келісімге қатты ашуландым да, бірінші болып сұрақ қоюға бел будым. Кенет: «Нұрсұлтан!» деп айғайлап жібердім, қатты толқығанымнан әлгі жерде ол кісінің тегін ұмытып қалдым. Елбасы бір сәтке тоқтап, жүре берді. Содан кейін мен бұл жағдайға байланысты әріптестерім мен басшылығымның алдында ұзақ уақыт түсініктеме беруіме тура келді. Телевизияны басып озу әрекеті іске аспай қалды.
Мен ешқашан журналистика саласының «жұлдызы» болуға ұмтылмағанымды айтуым керек. Мен өз жұмысымнан ләззат алдым, бірақ мен радиода жұмыс істеп жүрген кездердің өзінде-ақ танымалдылыққа ие болдым. Көпшілік мені тек дауысымнан ғана танып қоймай, сонымен қатар маған хаттар жібере бастады. Барлығы, әсіресе, аудиторияның әйелдер қауымы менің сыртқы келбетіме қызығушылық танытты. Сондықтан телеарнаға шақырған кезде, мен радио эфирінде: «Құрметті радио тыңдаушылары! Мен теледидарға ауысып жатырмын. Менің өзіме және менің сыртқы келбетіме қызығушылық білдірген адамдар мені теледидар эфирінен - Қазақ телевизиясының «Шарайна» ақпараттық бағдарламасынан көре алады!»,- деп жар салғаным есімде...