Еркін Әуелбековке ескерткіш орнатылады

5 Мамыр 2021, 19:20
2831
Бөлісу:
Еркін Әуелбековке ескерткіш орнатылады

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Үкіметінің шешімімен көрнекті қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Əуелбековке Көкшетауда ескерткіш орнатылады. «Еркін Әуелбеков» қоғамдық қоры ел ардақтысына ескерткіш орнатуға белсенді түрде қаражат жинауда.

Бірлестік жетекшісі Оразкен Нұртазин қордың өткен жылдың наурыз айында Еркін Нұржанұлымен бірге жұмыс істеген еңбек ардагерлері мен серіктестерінің бастамасымен құрылғанын атап өтті. Қараша айында қордың филиалы Қызылорда облысында ашылды. 

Басты міндет – өңірдің дамуына баға жетпес үлес қосқан көрнекті жерлесімізге ескерткіш орнату. Көкшетауда орталық көшелердің бірі Еркін Әуелбеков есімімен аталады. Бірақ ел ардақтысы одан да зор құрметке лайық деп санаймыз. Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының орталығында, Қызылордада – бюсті орнатылды, сондай-ақ көшеге есімі берілді. Жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің бірі оның есімімен аталады. Мен Әуелбековтің туысқанымын, оның әкесі мен атам туған бауырлар. Менің көмекшім әрі орынбасарым – Алматыда тұратын Еркін Нұржанұлының қызы Сәуле, – деп түсіндірді Оразкен Нұртазин. 

Үкімет 1950-90 жылдары Ауыл шаруашылығы саласының министрліктері мен Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын басқарып, ел дамуына орасан зор үлес қосқан көрнекті қоғам қайраткерін мәңгі есте қалдыру идеясын мақұлдады, бастаманы облыс әкімдігі де қолдады. Ақмола облысында меншіктің қай түріне жататындығына қарамастан еңбек ұжымдары, кəсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар облыстағы «Еркін Əуелбеков қоры» қоғамдық қорына қаржы аударуда белсенділік таныта бастады. 

Қорға 2 млн теңгедей қаражат жиналды. Әуелбековтің туыстары 805 мың теңге бөлді. Облыстық ардагерлер кеңесі 100 мың теңге, Біржан сал аудандық ардагерлер кеңесі 50 мың теңге, Бурабай ауданы Қызылағаш ауылының тұрғындары 174 мың теңгені қорға тапсырды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ардагерлері 200 мың теңге, ҰҚК ардагерлері – 81 мың теңге, қалалық «Көкшетау» мен «Степной маяк» газеттерінің ұжымы да қорға 153 мың теңге аударды. Қорға қаражат жинау жұмыстары жалғасуда, - дейді облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Үкітай Ахмадеев. 

Көкшетауда Әуелбеков пен Сәдуақасов көшелерінің қиылысына жер телімі бөлінді. Байқауға бес мүсінші ескерткіштің эскиздерін ұсынды, үш жұмыс үздік деп танылды, мүсін жобасы Мәдениет және спорт министрлігіне жіберілді. 

Ескерткіштің құны 45 млн теңгедей болмақшы. Қызылорда облысы соның 15 миллионын жинап, Е.Əуелбековтың 1985-89 жылдары облысқа жасаған орасан зор игі істеріне өз үлесін қосқалы отыр. Байқау жеңімпазымен келісімшарт жасаймыз. 22 маусым – Әуелбековтің туған күніне орай ескерткіш орнатқымыз келді, бірақ үлгермейміз деп ойлаймыз, сондықтан жұмысты жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қор басқа да жобаларды іске асыратын болады. Мысалы, белсенді студенттерге Еркін Әуелбеков атындағы стипендия тағайындау жоспарда бар, - дейді бірлестік жетекшісі Оразкен Нұртазин.

Өзгелердің жаңалығы