Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордалық еріктілер шала туған сәбилердің өмірі үшін күресуде. Олар тоқыған тоқыма шақалақтардың өсіп-жетілуіне көп көмегін тигізуде.
"28 ілмек" еріктілер клубының Сыр өңіріндегі жетекшісі, көп балалы ана Әйгерім Нұрланның айтуынша, әлжуаз шақалақты ширатуда ата-бабамыздың әдісін тиімді екенін медицина мамандары мойындап отыр. Нақтырақ айтсақ, осыдан алты жыл бұрын Қызылорда қаласындағы Ана мен бала орталығында "тымаққа салу" амалы қолға алынды.
Тоқыма тоқуды жастайымнан ермек еттім. Бүгінде сол ермек еткен ісімнің қоғамның иігілігіне жарап жатқанына қуаныштымын. Өткеннің өнегелі ісін заманға сай қайта жандандырған "28 ілмек" ұйымының жұмысымен алғаш 2014 жылы интернет арқылы танысқанмын. 6 жыл бұрын осы республикалық клубтың қатарына қосылып, Сыр өңіріндегі өкілдігін аштық. "Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас" деген бар, бұл игі шаруа өзім секілді еріктілердің күшімен бітеді. Құрамымызда қыз-келіншектер көп. Алайда 10 ерікті 5-6 жылдан бері тұрақты еңбек етіп келе жатыр. Кейбірі үйде отыр, кейбірі жұмысбасты. Міне, соның арқасында шала туған көптеген сәбиді аяқтанып кетті. Баланы тымаққа салып, үй іргесіне іліп қойып өсіретін салтымызға біздің клуб әжептеуір өзгеріс енгізді. Өзіңіз білесіз, қазір тымақ тігу немесе оны табу оңай емес. Ал біз шала туған сәбиге қажет тоқыма бұйымдарын тоқимыз. Ол киімдер шақалақтың өсіп-жетілуіне орасан зор көмегін тигізеді. Мұны медицина ғылымы да айғақтайды. Осындайда ата-бабаларымыздың даналығына тәнті боласың?! - дейді ол.
Ә.Нұрланның айтуынша, дәрігерлер 500 грамм мен 2 келі аралығындағы салмақта туған нәрестелер "шала жетілген" деп есептейді.
Командамыздың әрбір мүшесі өз үйінде отырып тоқыма тоқиды. Әркез онлайн байланыстамыз. Айына бір жүздесіп, тоқыған киімдерімізді бір-бірімізге көрсетеміз. Кемі 50 киім жиналады. Бәрін облыстық перинаталдық орталықтың реанимация бөлімінде жатқан нәрестелердің өсіп-жетілуі үшін табыстаймыз, – дейді Әйгерім Нұрлан.
Жаңа туған сәбиге ең пайдалысы – түйе мен қойдың таза жүні. Оны қаладан табу қиын. Алайда еріктілер қиыннан қиыстырып, бірнеше жыл бойы өз қалтасынан қаражат шығарып, жүнді іздеп тауып, сатып алып жүрді. Бұған қоса, тоқыған киімдерін де перзентханаға тегін өткізеді. 2019 жылдан бастап шикізат мәселесі оң шешімін тапты. Әйгерім Нұрлан өзінің қоғамдық бірлестігі арқылы "Samruk-Kazyna Trust" қорының жобасына қатысып, грантқа қол жеткізді.
Гранттың арқасында Тасбөгет кентінен полиграфиялық орталық аштық. Орталықтан тапқан пайдамызды "28 ілмекке" керек заттарға жұмсаймыз. Қазір карантинге байланысты жұмысыз уақытша тоқтап тұр. Содан кейін қайта жандандырамыз. Әдеттегідей ерікті қыз-келіншектеріміз тоқыма киімін әзірлей береді. Олардың қызметі де, жасаған дүниесі де тегін, – дейді Ә.Нұрлан.
Еріктілер клубының тұрақты мүшесі Клара Сағындықованың айтуынша, Әйгерім Нұрлан еріктілерді жүннен иірілген жіппен қамтамасыз етеді.
Біз сол жіппен шала туған сәбилерге бас киім, күртеше, шұлық тоқимыз. Тоқығанда шақалақтар тезірек жақсы болып кетсін деген ниетпен, бар махаббатымызды саламыз. Тоқымаға жылулық береміз. Бұрын Ана мен бала орталығына өзіміз апарып беретін едік, қазір карантинге байланысты сәбилі болғандар өздері алып кетіп жатыр. Бәрі тегін, қайырымдылық жұмыс біздікі. Осы күні өзіміз әзірлеген киімнің арқасында өсіп-жетілген сәбилердің ата-аналарынан көп алғыс естиміз. 17 қараша – шала туған балалардың күні. Сол күні перзентханада бас қостық. Ата-аналар да болды жиында. Бәрі рахмет айтып жатыр. 2-3 жастағы балаларын көрсетіп, "осылар сіздер тоқыған киімді киіп өсті" деп айтты. Қуанып қалдық. Жүннен тоқылған киімдер өте пайдалы. Ол баланың қан айналымын жақсартады, – дейді Клара Сағындықова.