Ерікті: Су тасқыны кезінде күніне 1 мың адамға тамақ істедік

19 Маусым 2024, 19:28
910
Бөлісу:
Ерікті: Су тасқыны кезінде күніне 1 мың адамға тамақ істедік
Фото: Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан ел азаматтарын марапаттап, оларға алғысын білдірді. Марапат алған жанашыр жандардың арасында Атыраудағы «Зағиптар арманы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің іс жүргізушісі Әлия Досмұханова да бар. BAQ.KZ тілшісі күн-түн демей еріктілерге көмектескен Әлия ханыммен сұхбаттасты.

Су тасқыны кезінде қайда болдыңыз? Жалпы аймақтағы жағдай қалай болды?

Басында Ресейден алапат су тасқыны Атырау, Құлсары жаққа келе жатыр дегенді естідік. Содан үрей пайда болды. Дегенмен қол қусырып отырмай, әрекет етейік деген шешімге келдік. Атқа қона алатын барлық азамат сол жаққа аттанды. Солармен үзеңгілесіп, жасым 57-ге келсе де, қолымнан келгенше көмек берейін дедім. Бара сала қапшықтарға құм толтырып, аузын байласуға септестік. Кейін палаткалар құрылып, сол жерде тамақ пісіруді қолға алдық. Ол жақта бірнеше күн жалғыз өзім болдым. Кейін еріктілер мен басқа да әйелдер келген кезде тамақ пісіру жағын үйлестіріп, басы-қасында жүрдім. Сөйтіп күніне 5-6 қазаннан 1 мың адамға тамақ пісіруді қолға алдық. Осылайша сол жердегі бөгет салынып болғанша 1 ай жүрдік. Кейін барлық жағдай реттеліп, тұрақталғанда қоқыстарды жинап, реттеп, үйге оралдық.

Ерікті: Су тасқыны кезінде күніне 1 мың адамға тамақ істедік

Сонда еріктілер мен құтқарушыларға көмектестіңіздер ғой?

Иә, сол жерде жұмыс істеген ерікті болсын, құтқарушы болсын бәріне тамақ пісірдік. Сол үшін аянбадық. Ол кезде бәрінде үрей болды. Құлсарының кейбір аудандары суға кетіп қалған еді. Соған қарамастан аянбай еңбек етуге тырыстық. Қандай тамақтың реті болды соны пісірдік, бір күні палау, бір күні картоп, кейде ет астық дегендей. Олар күндіз-түні ауысыммен жұмыс істеді, сондықтан біз де соларға қарап, үлгеріп отыруға барымызды салдық.

Ерікті: Су тасқыны кезінде күніне 1 мың адамға тамақ істедік

Президенттен марапат алған қалай екен? Марапат туралы қалай білдіңіз?

Елімізге осындай алапат келгенде бар ойымыз халыққа көмектесу болды. Еш марапатты ойламадық, бірақ әкімдіктен хабар келгенде, басында түсінбей қалдым. Ақордаға келгенге дейін сенбедім десе де болады. Кезінде өнідірісте жүргенде бір қолымнан айырылып қалған едім, сондықтан қасымда тағы бір адам алып жүрді. Аты-жөнімді хабарлап, президентіміз Құрмет орденін таққанға дейін бәрі түс сияқты болды. Әсерін сөзбен айтып жеткізе алмаймын еді. Бар айтарым, енді осындай төтенше жағдайлар болмасын. Ал егер қандай да бір жағдай болса, халқымыз осылай ортақтасып, осындай бірлігінен айырылмасын деп тілеймін. 

Өзгелердің жаңалығы