Қазір дағдарысқа тап болып, өмірден үміті үзіліп кеткен адамдар мен отбасылар жоқ емес. Десе де оларға көмектесіп, барына қолдау көрсетіп жүрген еріктілер де баршылық. Сондай азаматтың бірі - Рахатбек Қарсанбек. Ол көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетуге тырысып, азық-түлік пен киім таратуға атсалысады. Оның айтуынша, ең бастысы – жан жылуын сыйлау. "Адамдардың үмітін қайта жағуға сеп болу – мен үшін үлкен бақыт" дейді ол. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі қайырымдылық қорында жұмыс істеп жүрген еріктіні сұхбатқа тартты.
– Дағдарысқа тап болған отбасыларға көмектесуге не түрткі болды?
– "Ізгілікте жарысайық" қайырымдылық қорында 1 жыл бойы жетекшілік қызмет атқарып келемін. Сонымен қатар 1-2 жылға жуық уақыт бойы волонтерлік қызметпен айналысып келемін. Негізі, адам баласының табиғаты біреуге көмектесуге, қол ұшын созуға бейім. Біз ауылда өстік, кейін колледжге оқуға келдік. Сол ауылдағы құндылықтар бізді қалыптастырды деп ойлаймын. Қалаға келген соң да сол тәрбие бізбен бірге болды, осылайша қайырымдылыққа бет бұрдық.
– Қайырымдылық жұмыстары барысында қандай қиындықтарға жиі ұшырасасыз және оларды қалай еңсересіз?
– Адам болған соң, қиындықсыз өмір болмайды. Кейде өзіміздің еріншектігіміз бен білімсіздігіміз кедергі келтіреді. Бірақ оны аға буын өкілдерімен ақылдаса отырып еңсеруге тырысамыз. Ал қайырымдылық саласында кездесетін қиындықтар көбіне қаржылық немесе ұйымдастыру мәселелеріне байланысты.
– Отбасыларға көрсетілетін қолдау қандай түрде жүзеге асады?
– Біздің қор ешқандай мемлекеттік бағдарламаға немесе тендерге тәуелді емес. Бізге көмек негізінен демеушілерден, жомарт кәсіпкерлерден келеді. Қор басшысы Қайрат Бақытұлы осындай игі іске себепкер болып, кәсіпкерлер арасында бір-біріне жолдау жасау дәстүрін қалыптастырған. Осылайша, қайырымдылық үздіксіз айналымда жүріп отырады.

– Есіңізде ерекше қалған оқиғалар болды ма?
– Әрине, көптеген оқиғалар бар. Соның бірі – Сәуле жақтағы бір үйге барған кезіміз, бірақ оны үй деуге де келмейді, қабырғасы құлап жатқан лашық шығар. Соны көріп жүрегім қатты ауырғаны есімде. Үй басуға келмейтіндей жағдайда еді: қабырғалары қопарылып кеткен, іші суық, тұрмысқа қажетті заттар тапшы. Сол кезде қатты әсерленгенім сонша, қасымдағы Алдияр ағам маған: "Егер әрбір осындай үйге келген сайын еңсең түсіп, жүрегің ауыра берсе, өмір сүре алмай қаласың. Бұны тағдырдың тауқыметі деп қабылдау керек" деп кеңес берген еді. Тағы бір оқиға есімде. Жалғызбасты ана үш баласымен Коллас деген елді мекенде тұрады. Біз азық-түлік апаруға бардық. Үй өте суық, есіктері жоқ, бөлмелердің арасы жай ғана мата ілініп қойылған. Сол сәтте мен еріктілік жұмысының қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет түсіндім.
– Волонтерлік қызмет сіздің жеке өміріңіз бен көзқарасыңызға қалай әсер етті?
– Қазіргі таңда университетте жастармен жұмыс істеп жүрмін. Волонтерлік қызмет маған жанашырлықты, қоғамға ақысыз қызмет етуді, пайғамбарымыздың, Алаш қайраткерлерінің және аға буын өкілдерінің үлгісін дұрыс қабылдауды үйретті.
– Осы жағдайға тап болған адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Мен өзімді ақыл айтатын жаста деп санамаймын, бірақ бір нәрсені нақты білемін: адамның өмірі өз қолында. Алла тағала "амал жасасаң, нәтиже болады" дейді. Сондықтан жақсы ниетпен өмір сүру, бір-бірімізге қолдау көрсету – өте маңызды.
– Қоғам сіздің бастамаңызды қалай қабылдайды? Қолдау көрсететіндер бар ма?
– Кейбір адамдар қоғамды әділетсіз, лас деп жатады. Бірақ менің ойымша, бұл заман – керемет. Менің жанымда әрдайым қолдайтын достарым, аға-апаларым, інілерім бар. Сол үшін өзімді бақытты санаймын.
– Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!
– Рақмет!
