Ерік-жігер – үлкен мақсатқа, жетістікке қол жеткізу жолында адамға ең қажет қарым-қабілеттер қатарында. Сондықтан ерік-жігер ұғымына тоқталып, оны қалай игеруге болатынын BAQ.KZ тілшісі психолог маманнан сұрап көрді.
Ерік-жігер деген не?
Ерік-жігер бұл – біздің мінез-құлқымызды басқаруға, бастаған ісімізді тастамауға, мақсаттарға жетуге және түрлі азғыруларға қарсы тұруға көмектесетін психикалық функция, - деп анықтама берді психолог Гүлнұр Сапарова.
Ол ерік-жігердің мидың үлкен жарты шарларының қыртысында орналасатынын айтты.
Сонымен қатар мидың қыртысындағы бұл бөлім өмірге бейімделу, жоспарлау, ойлау қабілетіне жауап береді. Адамның өзіне не қажет екенін білуін, оған қалай жететінін жоспарлауын, идеяны орындауға күш салып, оны жүзеге асыруын қамтамасыз етеді, - деді маман.
Ерік-жігер қашан қалыптасады?
Гүлнұр Сапарованың айтуынша, ерік-жігер – мектепке дейінгі жаста қалыптасатын маңызды құрылым.
1,5 жастан 3 жасқа дейін бала көзі түскен заттарға ұмтылады, бірақ нәрестенің қалауы оңай ауысады немесе сыртқы жағдайлардың әсерінен одан бас тартады. Ал 3 жастан бастап бала бойында "мен", "өзім" түсініктері қалыптасып, әркеттерді ересектердің көмегінсіз жасауға ұмтылады. Шамамен сол кезде баланың өзін-өзі тануының дамуы аясында жеке қалауы пайда болады және ол ерік-жігерді қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам, - дейді маман.
Сапарова объектіні бақылау, оны көзбен бөліп көрсету, оған қол жеткізу және онымен әрекет ету қабілетін дамыту арқылы балада мақсат қою негіздері қалыптасатынын айтады. Бірақ кейде мақсатқа жетуге қалау бөгет жасауы мүмкін.
Қалауымыз мақсатқа жетуге, жағдаймызды жақсартуға, нәтиже көрсетуге кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан балаға әркез өз қалауымызды жүзеге асыра алмайтынымызды түсіндіру, кейде қалаудан бас тарта алуды да үйрету маңызды. Мұны үйрету тәрбие, мақсатқа жету дағдыларын қалыптастыру және мотивация арқылы жүзеге асырылады, - дейді ол.
Осы орайда, балаларының ерік-жігерін шыңдағысы келетін ата-аналар оның қалыптасуына кедергі жасайтын баланы шамадан тыс еркелету, оның аузынан шыққанның бәрін екі етпей орындау, үйренуі тиіс дағдыларын баланың орнына жасаудан аулақ болуы керек.
Ерік-жігерді дамыту үшін не істеу керек?
Психолог Гүлнұр Сапарова ересек адамға ерік-жігерді үнемі дамытып, қатайтып отыру маңызды екенін айтады.
Ерік-жігерді дамытуда жоспарлау, өзіндік тәртіп, тұрақтылық, саналылық, өзіңді ынталандыру, әлсіз тұстарыңды білу маңызды. Сондай-ақ медитациялық жаттығуларды тұрақты жасау, прокрастинацияның алдын алу, тынығу, ұйқының қануы, спортпен айналысу, дұрыс тамақтану мен таймменеджмент те маңызды. Дегенмен ерік-жігердің күшіне қажеттілік, мақсат, мотивация тікелей әсер етеді. Демек ерік-жігер күшті болуы үшін қажеттілік болу керек, алға қойған мақсатымыз қоғамның бізден күткені емес, өз қалауымыз болуы маңызды, - дейді маман.