Ерік-мостовой каналына тағы 112 млн теңге бөлінді

3 Қыркүйек 2023, 17:13
706
Бөлісу:
Ерік-мостовой каналына тағы 112 млн теңге бөлінді
Фото: BAQ.KZ

Атырауда жылдар бойы пайдасы болмай, тұрғындарға қолайсыздық тудырған дренажға тағы 112 млн теңге бөлінген. Бюджеттің қыруар қаржысы жобаның сметалық құжатын ғана жасауға кетеді, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ұзындығы 16 шақырым болатын арна 2000 жылдардың басында салынған. Оған қазынадан 2 млдр теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Тұрғындар арасында «Ерік-мостовой» деп аталып кеткен дренаж алғашында жерасты суының деңгейін төмендетіп, қаланы жауын-шашын кезінде судан қорғауы керек еді. Алайда құрылыс сәтсіз болып, көзделген міндетін атқара алмады. Сол себепті 20 жылдан асса да, канал іші борсыған, лас су мен қоқысқа, құжынаған жәндікке толып тұрады.

Баяғыда салынған нәрсе ғой. Бұдан пайда көріп отырғанымыз шамалы. Жағымсыз иіс, қысы-жазы маса, суға толып тұрады іші. Не үшін тұр мысалы? Осы уақытқа дейін бір шешімін шығарып, жақсы бірдеңе ойластыруға болар еді ғой. Ақшасының бәрі желге ұшты. Айналасында орналасқан үйлердің тұрғындары үшін өте қолайсыз. Онсыз да экология нашар, зауыттардың иісіне тұншығып жатқанда, мына каналдың иісі де шыдатпайды. Көршілеріміз балаларын да еркін ойнауға жібермейді. Себебі мына дренажға түсіп кете ме деп алаңдайды, – дейді қала тұрғыны Мұрат Ашығалиев.

Тұрғындар бұған дейін арнаны топырақпен көміп, жауып тастау қажет деген. Ал кейбір белсенділер канал түбін тереңдетіп, арнайы сорғылар арқылы су өткізсе, жағымсыз иістен арыламыз деп пікір білдірді. Ол уақытта өңірге тағайындалған облыс әкімі Серік Шәпкенов те тиімді шешім шығару үшін, тұрғындар пікіріне құлақ түреміз деген еді. Сол себепті жауапты басқармадағылар тек қана «Ерік-мостовой» ішін қоқыстан тазалап, суын сорумен ғана шектелді. Ал қазір шешім шығарыпты. Дренаж ішінен үш құбыр жүргізбек. Бетін жауып, шағын сквер жасаймыз деп отыр. Айналасында көгал мен жарық бағаналары да болады деп сендірді. Қазір зерделеу жүргізіп, жобалық сметалық құжатын жасап жатқан көрінеді. Ол жұмыстың өзіне қазынадан 112 млн теңге бөліпті.

Ерік-мостовой каналын қайта жаңғырту құрылысы бойынша жобалау сметалық құжаттамасы жасақталуда. Жобалаушы мекеме «Redline-pro» жшс. 2023 жылдың 22 наурызында № 18 келісімшарт жасақталған болатын. Жобалық сметалық құны 112 091 400 теңге. Ашық канал бойын жабық түрде жобаланады. Канал бойымен дренаж жүйесі, кәріз жүйесі және жазғы су суару желілері жобаланады. Бос алаңдарына саябақ, велосипед жолы, жүгіру жолдарын салу жоспарда, – деді Қалалық құрылыс бөлімінің маманы Толғанай Бауыржанқызы.

Әу баста өңір басшысы Серік Шәпкенов тиімді шешімді тұрғындармен бірлесе отырып шығарамыз деген. Алайда эко белсенді Галина Чернова бұдан бейхабар екеніне ашынды. Сөзінше дренаж бойымен кәріз жүйесін жүзгізуге, және оның бетін жабуға мүлдем қарсы.

Облысты басқарған әкімдердің ешқайсысы бұл каналдың тиімді жұмысын ұйымдастыра алмады. Алғашында, дренажғаға қатысты жоспар миға қонымды сияқты еді, соңы осылай болды. Қазір жарамсыз болып тұр. Ақша желге ұшты. Қазір кәріз жүйесін жүргіземіз депті. Бізде қаланың өзіндегі кәріз жүйелері сапасыз, жиі істен шығады. Оны дренажға орнатса не болатынын білмеймін. Бірақ мен оған қарсымын. Бетін жапқан да дұрыс емес. Себебі зерттеушілер мен ғалымдар алдағы 10 жылда, яғни 2033 жылдарға қарай Каспий теңізі тасиды деп болжап отыр. Оның Жайыққа да әсері бар екені анық. Сол кезде бұл дренаж бізге қажет болады деп есептеймін, – дейді «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының директоры Галина Чернова.

Құрылыс бөліміндегілер дренаждың ендігі жұмысына қанша қаржы бөлінетінін ашып айтпады. Әутеуір келер жылдың басында жәндік пен лас суға толы канал айналасы түбегейлі өзгереді деп сендірді. Осы жолғы жоспар тиімді болады деген ойда.

Өзгелердің жаңалығы