Бапкер: Әйелдер арасында да 69 келіде бәсекелестік жоғары

16 Шілде 2019, 18:10
1629
Бөлісу:
Бапкер: Әйелдер арасында да 69 келіде бәсекелестік жоғары
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін астанада бокстан Президент кубогы басталды. Осымен VII рет ұйымдастырылып жатқан турнирде ерлерден бөлек, әйелдер де жұдырықтасады. Әйелдер арасындағы сайыстар бес салмақ бойынша өткізіледі. 

«Әйелдер құрамасы да үздіктерін қатыстырып жатыр. Қазіргі кезде әлем боксында Қытай, Үндістан, Ресей секілді елдің боксшылары көшбасшылар қатарында. Дәл осы мемлекеттердің боксшылары Президент кубогына келді. Біздің құрама үшін – бұл тәжірибе алмасатын дода болғалы тұр. Боксшылардың аяқ алысын байқаймыз. Осы турнирден кейін әлем чемпионатына дайындаламыз. Биыл әлем біріншілігі Ресейдің Улан-Удэ қаласында өтеді. Одан кейін лицензиялық турнир бар», - дейді Ерік Алғабек.

Жақында ұлттық құрамаға 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова оралған болатын. Тұрмысқа шығып, екі ұлдың анасы атанып үлгерген Марина бес жылдай шаршы алаңнан алыстап кеткен еді. Бұрын 75 келіде бокстан Вольнова енді 69 келіге ауысып жатыр. Бас бапкер бұл салмақта бәсекелестіктің жоғары екенін айтып отыр.

«Марина дайындығын енді бастап жатыр. Спартакиадаға қатысып, үшінші орын алды. Ол 69 келіге жұдырықтасады. Бұл салмақта бәсекелестік жоғары. 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дариға Шәкімова, әлем чемпионы Валентина Хальзова және Азия чемпионы Мәдина Нұршаева бар», - дейді әйелдер құрамасының бас бапкері.

Ерік Алғабек бокс федерациясының басшылары тарапынан алдағы Олимпиада ойындарында бір алтын жеңіп алу туралы тапсырма қойылғанын айтты. Келесі жылы Токиодағы Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы салмақ дәрежелері бесеуге дейін көбейген.

«Бас бапкер ретінде менің алдыма қойылған мақсат – әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарынан алтын алу. Ересектер арасындағы әлем чемпионатында көшбасшылар қатарындамыз. Әлем чемпионатына Спартакиада ойындарының жеңімпаздары барады. Ал лицензиялық турнирлерге содан кейін көретін боламыз», - дейді ол.

Бокстан Президент кубогына қатысатын әйелдер құрамасы:

51 келі: Н. Қызайбай, Ж. Шекербекова, А. Лукас, Ж. Әбдірайымова;

57 келі: А. Ходжабекова, С. Сұлтанқызы, Д. Келімбет, В. Кухта; 

60 келі: Р. Волосенко, К. Ибрагимова;

69 келі: Д. Шәкімова, М. Вольнова, Д. Ақбаева, М. Нұржаева; 

75 келі: А. Бақытжан, А. Бегділда, Н. Рябец, Г. Садықова.

Өзгелердің жаңалығы