Ереуілге қатысқан 700-ге жуық адам қамаудан босатылды

18 Қаңтар 2022, 21:23
1618
Бөлісу:
Ереуілге қатысқан 700-ге жуық адам қамаудан босатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Прокурорлардың өтінішхаты бойынша 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 670-тен астам адам қамаудан босатылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Бас прокуратураға түрлі құқықбұзушылықтар үшін ұсталған тұлғалардың кінә дәрежесін анықтап, ол болмаған жағдайда жазаны жеңілдетуді тапсырды. Осы оқиғаларға қатысты соттар барлығы 8354 әкімшілік іс қараған. Судьялар мен прокурорлар жеңілдететін мән-жайлар мен кінәлілердің өкінуін ескереді. 3337 құқық бұзушыға қамауға алу немесе айыппұл түріндегі жазалар қолданбай, тек ескерту жасалды, 1653 іс бойынша сот айыппұл түріндегі жаза тағайындады, қазір 1002 адам қамауға алынды, – деді бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин.

Оның айтуынша, сот тағайындаған жазаларды жеңілдету мақсатында прокурорлар апелляциялық сатыға 1 758 өтініш берген.

Бүгінгі таңда 676 азамат прокурорлардың өтінішхаты бойынша қамаудан босатылды. 344 адамға салынуы тиіс айыппұл ескертуге ауыстырылды. Жазаны жеңілдетуге және айыппұлды ескертуге ауыстыруға бағытталған прокурорлардың 738 өтініші қаралып жатыр, – деді ол.

Сонымен қатар, департаменттің мәліметінше, тағы 358 әкімшілік іс материалдары сотқа жіберілмей тоқтатылды.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 695 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Соның ішінде терроризм актілері бойынша 44, кісі өлтіру бойынша 15, билікті басып алуға үгіт-насихат және шақыру фактілері бойынша 6 іс қозғалды. Күдікті ретінде 780 адам ұсталып, оның 695-і сот шешімімен қамауға алынды. Бұл істер ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылады. Барлық жағдайда прокурорлар азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді. Қылмыстық істерге қатысы бар барлық тұлғаларға, оның ішінде барлық ұсталғандарға уақтылы заңгерлік көмек көрсетіледі, – деді бас прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин.

Өзгелердің жаңалығы