Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа орталықтар ашылады

1 Маусым 2021, 16:55
2947
Бөлісу:
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа орталықтар ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балаларды қорғау күні Елбасының «Қамқорлық» бастамасы қамқоршылар кеңесінің отырысы барысында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа орталықтардың ашылуы туралы хабарланды.

Елбасының «Қамқорлық» бастамасы қамқоршылар кеңесінің отырысы барысында ерекше қажеттіліктері бар балаларға, сондай-ақ қарт адамдарға арналған инфрақұрылым құруға бағытталған екі бастаманы іске асыру талқыланды.

Елбасының тапсырмасына сәйкес «Қамқорлық» бастамасы шеңберінде екі жыл ішінде Қазақстанның 8 өңірінде аутизмі және басқа да ментальді бұзылыстары бар балаларға арналған түзету-дамыту орталықтарын ашу көзделген, онда 18 жасқа дейінгі балалардың күндізгі уақтын өткізуі, олардың дамуына арналған жағдайлар және отбасын қолдау қызметінің жұмысы жоспарда бар. Орталықтарда әлемдік дәлелденген практикалар негізінде балалардың әлеуметтік бейімделуі мен өмірлік дағдыларын дамыту үшін сабақтар өткізілетін болады. Бұдан бөлек, балалар мүгедектігінің алдын алу мәселесін шешу үшін еліміздің 17 өңірінде перинаталдық орталықтар базасында ерте араласу орталықтары ашылмақ.

Зейнеткерлік жастағы адамдарды қолдаудың жүйелі шараларын дамытуға және оларды қоғамға тартуға ерекше назар аударылған. «Белсенді ұзақ өмір» атты жаңа бастама еліміздің 17 өңірінде коммуналдық объектілердің бос тұрған алаңдарында Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашуды көздейді. Аталған орталықтарда емдік дене шынықтыру, компьютерлік сауаттылық, шахмат сабақтары, өскелең ұрпақты, оның ішінде балалар үйінің балаларын қолдауға және патриоттық тәрбиелеуге бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру көзделетін болады. 

Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында жылына 21 000 бала үшін оңалту мен кәсіби сүйемелдеуге қол жеткізу ұйымдастырылды, бұл соңғы онжылдықта ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін ең ауқымды жобалардың бірі болып табылады, - деп атап өтті «Қамқорлық» бастамасы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ә. Исекешев.

Бастамаларды Нұрсұлтан Назарбаев қоры «Самұрық-Қазына» «ҰӘҚ» АҚ және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесе отырып іске асыруда.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында 2020 жылдың желтоқсанында жыл сайын 5 мың баланы қамтитын сегіз оңалту орталығы ашылды. Осы жылы бастама аясында Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында қосымша 10 орталық құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы