Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды оңалтуға 2 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған

19 Наурыз 2021, 11:55
1821
Бөлісу:
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды оңалтуға 2 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды әлеуметтік оңалтуға 1,9 млрд теңге жұмсалмақ. 

Қазіргі уақытта мүгедек бала бағып отырған асыраушылар мен ата-аналарға балаларын оңалту барысында қаржылық қолдау көрсету жағы қарастырылуда. Себебі мүмкіндігі шектеулі балаларды шипажай немесе өзге оңалту мекемесіне бағыттағанда, оның жанында ата-анасы болуы керек. Бүгінде баланы асыраушысы мен заңды өкілінің жолдамасының құнын 50%-ға өтеу мәселесі шешілуде. 

Ертіс өңірінің қала-аудандарының жергілікті билігі бұл мақсаттарға 40 АЕК көлемінде қаржы бөлуге дайын. Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс және Май аудандарының әкімдіктері бұл мәселені осы жылдың жарты жылында шешпек. 

Бұған дейін мүгедек балалардың ата-аналары оңалту орталығының жоқтығы туралы дабыл қаққан еді. Бүгінде облыс орталығында бұл мекеме үшін жер учаскесі таңдалып, рәсімдеу жұмыстары екі апта ішінде аяқталмақ. 

Бұл жоба аймақ тұрғындарына аса қажет. Жаңа орталық негізінен медициналық көмек көрсету, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту және сауықтыру бағыттары бойынша жұмыс істемек. Кешен сапалы жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі уақытта бұл қызметке жауаптыларды анықтап алуымыз керек, - деп атап өтті аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов. 

Айта кетейік, облыста жалғыз тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тағайындалған ай сайынғы төлем мөлшері үш есеге ұлғайтылды. Ал 1200-ден астам аз қамтылған отбасы үшін өтемақы бекітілді. 

Облыстық үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, аймақта әлеуметтік әлжуаз топтардың ішіндегі 80 мыңнан астам адам тұрады.

Өзгелердің жаңалығы