Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны 200 мыңнан асады

13 Қаңтар 2024, 11:04
1070
Бөлісу:
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны 200 мыңнан асады
Фото: автордан

Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің ғылыми қоғамдастық және ҮЕҰ өкілдерімен арнайы және инклюзивті білім беру мәселелері бойынша кездесуі барысында айтылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жиын барысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны жылдан-жылға бірнеше пайызға өсіп келе жатқаны хабарланды.

Өздеріңіз білетіндей ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны артуда. Жылына 6-7 пайыз өсім байқалады. Былтыр ғана 188 мың бала болса, бүгінгі таңда 203 мың баладан асып отыр. Сондықтан министрлік тарапынан бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде басты бағыттарымыздың бірі - балалардың барлығын сапалы біліммен қамту болғандықтан, арнайы білім беру ұйымдарының желісін ұлғайту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Биыл 12 ПМПК (Психологиялық – медициналық – педагогикалық консультациялар) ашылды, қазір елімізде 104 ПМПК бар. Бұл балалардың білім беру маршруттарын анықтап, сапалы қызмет алуға үлкен мүмкіндік береді, - деді Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева.

Ол сондай-ақ түзету кабинеттерінің саны 2027 жылға дейін 34-ке жететін атап өтті.

Түзету кабинеттерінің санын арттыру бойынша жүйелі түрде жұмыс атқарылып жатыр. Биыл 9 түзету кабинеті ашылды, келесі жылы - 9, 2027 жылға дейін олардың санын 34-ке жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардың 44%-ында, орта білім беру ұйымдарының 86%-ында және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының 47%-ында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Білім беруді дамытудың тұжырымдамасына сәйкес бұл көрсеткішті 2027 жылға дейін 100%-ға жеткізу көзделген, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы