Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл фашистік Германияны жеңгенімізге 75 жыл толып отыр. 1941-1945 жылдар аралығында өткен сұрапыл соғыста қазақ жауынгерлері аянып қалған жоқ. Қазақ даласында құрылған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күнінен бастап ерлік көрсетті.
Майданға аттанған талай боздақтарымыз оралмады, соғыс даласында Отан үшін жан тапсырды. Елі үшін аянбай ерлік көрсеткендердің бірі Арал ауданының тумасы Дархан Жұбанышов. Ол Үшінші Белорусь майданында шайқасып, Неман өзені маңында ерлікпен қаза тапқан. "Қызыл ту" орденінің және "Ерлігі үшін" медалінің иегері. Дархан Жұбанышов жайлы білмек болып ол кісінің ауылдасы әрі тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаевпен тілдескен едік.
Сіз, Дархан Жұбанышовтың есімін үнемі мақтанышпен айтып жүресіз. Бір ауылдың адамы болғандықтан ол кісінің ерлігі жайлы бала кезден естіп өскен боларсыз?
Ол рас. Мен Қызылорда облысы Арал ауданы Ақеспе ауылында дүниеге келдім. Ол ауылда 50-60-қа жуық үй бар еді. Сол жерде 8 жылдық мектепте оқыдым. Оқушы кезімізде октябрят, пионер қатарына қабылдау, 7 қараша, 9 мамыр күндері болатын іс-шаралар мектеп ауласында өтетін. Бастауыш сыныптарда оқып жүргенімізде жоғары сыныптарда оқитын белсенді оқушылар мектеп вожатыйына салтанатты жиындарда: "№80-ші Сарбасат 8 жылдық мектебінің Дархан Жұбанышов атындағы пионерлер отряды сапқа тұрды" немесе "Дархан Жұбанышов атындағы пионерлер дружинасының жетекшісі" деп, - рапорттар беріп жататын. Ол кезде Д.Жұбанышовтың кім болғанына аса мән бермедік. Кейін мектептің бір бұрышында ол кісі жайлы суреттер, естеліктер тұратын. Сөйтсек, ол кісі соғыс кезінде үлкен ерлік жасап, қаза тапқан екен. Жасаған ерліктері үшін "Ерлігі үшін" медалімен, "Қызыл Ту" орденімен марапатталған екен. Сондай-ақ, 1944 жылы Неман өзенінен өтер кезде қаза тапты деген мәлімет жазулы тұратын.
Кейін ес білгелі, ол кісінің біздің ауылда туып-өскенін, ауылда інілері бар екенін білдік. Ауылымызда Жұбанышовтар деген 2-3 отбасы болды. 1975 жылы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында мектептің жанында соғыста қаза тапқандарға арналған ескерткіш салынды. Бүкіл ауыл болып ескерткішті тез арада бітірді. Сол кезде байқағанымыз Дархан Жұбанышовтың інілері осыған өте белсене араласты.
Тарихшы ретінде ауылыңыздан соғысқа аттанған азаматтар жайлы зерттеп көрдіңіз бе?
Қазірде Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық Архиві Екінші дүниежүзілік соғыс пен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысты талай құнды материалдарды жыл сайын жариялап жатыр. Арнайы сайттардан көптеген жекелеген тұлғалар туралы мәліметтер кездестіруге болады. Осыдан 2-3 жыл бұрын "Егемен Қазақстан" газетіне "Жеңісті жақындатқан жауынгер" атты мақала жариялаған едім. Онда 1923 жылы ауылымызда туып, 1942 жылы майданға шақырылған және кеудесіне бірнеше орден-медальдар тағып, ауылымызға Жеңіспен оралған Қапаш Қарақұлов деген азамат туралы айтылған еді. Бір таңқаларлығы, біздің ауылдан майданға аттанғандардың көбісі бұрынғы Ленинград, Калинин, Батыс майдандарында, кейіннен Екінші және Үшінші Белорусь, Прибалтика майдандарында жаумен алысқан екен. Сонымен бірге, біздің әкелеріміз бен аталарымыз соғыстың барлық майдандарда қан төккен. Әсіресе, біздің ауылдан 1942 жылы әскерге шақырылғандар, негізінен 1923-1924 жылы дүниеге келгендер болатын. Олар Ақтөбе қаласында жасақталған 101 атқыштар бригадасы құрамында 1942-1943 жылдары Ржев, Великие Луки түбіндегі қанды қырғындарға қатысады.
Архив материалдары бойынша Дархан Жұбанышов Екінші Беларусь майданында болған екен. Қарап отырсам, ауылымыздан 120-дай жас жігіттер мен ересек жігіттер майданға шақырылған және солардың 65-70-і қайтпаған. Біз мектепте оқып жүргенде майдангерлердің оннан астамы бар болатын. Олар – Қарақұлов Қапаш, Кенжалиев Ысқақ, Игіліков Айман(Айтмағамбет), Сатанов Тойман, ағайынды Жайлаубай, Оралбай Досжановтар, Қодашов Жаңабай, ағайынды Манау, Өмір Нұрпейісовтер, ағайынды Айтқұл, Сақтаған Сейтеновтер, Тәңірбергенов Найзабек және тағы басқа ақсақал-ардагерлер еді. Біз олардың көзін көрдік. 1975 жылы Жеңістің 30 жылдығын бүкіл еліміз секілді біздің ауылымызда да ерекше атап өтті. Маған төртінші сыныптың старостасы, әрі үздік оқушы ретінде майдангерлердің бірі, әрі көрші, әрі туысқанымыз Игіліков Айман әкеміздің мойнына алқызыл пионер галстугін байлау құрметі тиді. Қазір соғыс ардагерлерінен ешкім жоқ. Тек олардың немере –шөберелері солардың есімдерін фамилия қылып жүр.
Дархан Жұбанышов қай майданда шайқасқаны туралы деректер бар ма?
Дархан Жұбанышов 1913 жылы дүниеге келген. Майданға Арал әскери комиссариатының шақыртуымен аттанған. Алғашқы ерлігі 1943 жылғы 13 қарашада жасалған. Архивте тұрған "Ерлігі үшін" медалін не үшін алғаны көрсетілмеген. Сол Ленинград майданы құрамында берген. Ол кезде Ленинград блокадасын бұзу шайқастары жүріп жатты. Кейіннен 1944 жылы сәуір айында Үшінші Белорусь майданы құрылады да, ол қызмет атқарған 11-ші гвардиялық армияның, 16-шы гвардиялық дивизиясындағы, 43-ші гвардиялық атқыштар полкі осы майдан құрамында болады. Майдан қолбасшысы - ең жас армия генералы И.Д.Черняховский(1906-1945). Мұның бәрі архивте тұр және жерлесіміздің ерлік жасаған күні 16-шы шілде екен.
"Багратион" операциясының екінші кезеңінде 3-ші Белоруссия майданының алдыңғы шептегі бөлімдері Неман өзені арқылы Литва жеріне еніп, Балтық теңізі жағалауына ұмтылады. Мақсат – жаудың "Орталық" және "Солтүстік" армиялар топтарын бөліп тастау болды. Шабуыл қарқынын бәсеңдетпеу үшін Неман өзенінен тоқтамай өту (форсирование) керек болды. Ол үшін әр бөлімнен жеке мобилді топтар құрылады да, өзеннің жау жақ бетінен плацдарм басып алып, негізгі күш келгенше ұстап тұру қажет болды. Гвардия кіші сержанты Дархан Жұбанышов осындай бір топқа басшылық жасап, Неман өзенінің арғы жағына өтеді де, тез арада плацдарм басып алады. Жау да олардың негізі ойын түсініп, тез арада плацдармды жоюға тырысады. Жалпы, 3-ші Беларуссия майданының бөлімдері Неман өзенінен өтерде ені - 28 км, тереңдігі – 1,5-2 км плацдармға ие болады. Соның бір бөлігін Дархан Жұбанышов тобы иемденеді.
Немістер плацдармды жою үшін жанталаса айқасады. Д. Жұбанышов тобы 1944 жылдың 16 шілдесі күні немістердің 4 рет жасаған қарсы шабуылына төтеп береді. Ең соңғы сәтте батыр жерлесіміз қол пулеметпен жауға оқ боратып, негізгі күштің бергі жағалауға өтуіне жағдай жасайды. Бірақ соңғы сәтте оған оқ тиіп, қаза табады. Осыдан кейін дивизия командирі Дархан Жұбанышовтың қандай ерлік көрсеткенін және не үшін "Қызыл Ту" орденіне ұсынылғанын жазып, қол қойып, мөр басып ұсыныс жасаған. Бұл архивте сақталған.
Кезінде бұндай шайқас Днепрден өтерде болған, оны "форсирование Днепра" деп атайды. Егер бәрін ойдағыдай жасаса, оларға Кеңес Одағының Батыры атағын беретін болған. Днепрде осындай ерліктен 1,5 мың адам Батыр атағын алған.
Ол кісінің орден, медалдарының барлығы Мәскеу маңындағы Подольск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде сақталған. Оның атында арнайы нөмірленген жәшік сақталған. Қазір Арал ауданында Сексеуіл кентінде Дархан Жұбанышов атында көше берілген.
Бұл кісінің көзін көрген ауыл адамдары қандай естеліктер айтушы еді?
Ауылда Жұбанышовтар әулеті бар. Оның інілерінің бәрі ірі денелі, батыр тұлғалы азаматтар. Жақсылықбай дейтін ең кіші інісі 1929 жылғы болу керек. Оның ұлдары да сүйекті еді. Дархан ағалары да сондай батыр тұлғалы болған болу керек. Ол соғыс барысында гвардияның кіші сержанты деген атаққа дейін өсіп және бөлімше командирінің орынбасары дәрежесіне дейін жетуі өзін батыр екенін мойындатқаны деп білемін. Жай адам болмаған. Дархан Жұбанышовтың Қойбағар деген туған інісі майданда хабарсыз кеткен.
Одақтас елдердің көмегінсіз жеңіске жету қиын болар еді
Қазір заман өзгерді, осы соғысқа қатысты да түрлі пікірлер айтылуда. Жалпы соғыстың бұған дейін айтылмай келген беттері көп пе?
Ол соғыста жеңіске жеттік, бірақ адам шығыны өте көп болды. Оны қазір ешкім нақты айта алмайды, тек болжаммен келтіреді. Жалпы, 1941-1945 жылғы соғысқа байланысты біз Совет үкіметі ресми жариялаған деректер бойынша ғана біліп келдік. Қазір 1941-1945 жж. соғысқа байланысты білмейтініміз көп екені белгілі болып жатыр. Дүниежүзіндегі әрбір елдің, оның ішінде Америка, Қытай, Жапония және Еуропа елдерінің бұл соғысқа деген көзқарасы мүлде басқаша. Тіпті, қазірдің өзінде бұл соғысты бастаған Германия мен Совет Одағы деп айтылып жатыр. Қарап отырсақ, 1939 жылғы тамыздың соңындағы Германия мен КСРО-ның екі сыртқы істер министрлерінің келісімі мен жасасқан құпия қаулылары бар. Яғни, соғысты осылар бірігіп бастады дейді. 1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польшаға басып кірсе, Совет үкіметі Финляндияға соғыс ашты. Алайда, КСРО-ның Финляндияға жасаған әскери әрекеттері сәтсіздікке ұшырады. Бұл соғысқа алғашқы дайындықтың қалай болғанын көрсетеді. Ал, қыркүйектің екінші жартысында Польша жеріне Кеңесәскері еніп, бұл елдің бір бөлігін иемденеді. Сондықтан поляктардың айтып отырған сөзінің жаны бар.
Сондай-ақ қазір Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы емес, 1936 жылдан басталатыны айтылып жатыр. Өйткені ол кезде қарама-қарсы екі блок құрылды. Германия, Италия, Жапония бір блокта болды. Жапонияның Қытайдағы, Оңтүстік Азиядағы соғысы, Италияның Африкадағы соғыстарының бәрі сол блоктің әсерінен болды. Сондықтан бұны әлі де кеңінен қарау керек. Біз бұрынғы қатып қалған концепция бойынша айтып жүрміз.
Одан кейін соғыстың алғашқы айларындағы жеңілістер туралы көп айтыла бермейді. Оның себептерінің бәрі де айтылмайды. Соғыстың соңғы жылдары немістің 50-ден аса генералы тұтқынға түсті. Ал 1941-1942 жылдары, яғни соғыстың алғашқы кезеңінде КСРО-ның да осындай көлемдегі генералдары әртүрлі жағдайда тұтқынға түсті. Олардың біршамасы Власов құрған орыс азаттық армиясы құрамында КСРО-ға қарсы күресті. Идеологиялық жұмыстар жүргізді.
Тұтқынға түскен неміс генералдарынан тергеу алынды. Бірақ олардың қандай жауап айтқандары әлі жарыққа шықпады. Менің ойымша, олардың жауабы кеңестік идеологияға қайшы болуы мүмкін. Сол сияқты 1941 жылдың алғашқы айларындағы Кеңес әскерінің неліктен ойсырай жеңілгені туралы көп айтыла бермейді.
Қазір одақтас елдердің көмегінсіз Советтер жеңе алмас еді деген де пікірлер айтылып жатыр. Оған қатысты не айтар едіңіз?
Әрине, одақтастардың көмегінсіз жеңіске жету қиын болар еді. АҚШ сияқты елдерден гуманитарлық көмек келіп тұрған, ол туралы қазір ғана айтылып жатыр. Әскери техникадан бастап, кәмпит, шокаладтарға дейін жіберіп отырған. Америкадан әкелінген джип негізінде УАЗ-иктер шығарылып жатыр. Тіпті, алғашқы "Катюша" қондырғысы орнатылған машина өте әлсіз болып, кейіннен ол америкалық машинаға орнатылады. Совет Одағы тұсында одақтастардың көмегі елеусіз болды деген тұжырым үстем болса, қазір одақтастар көмегінің өте зор болғандылығы айтылуда.
Негізі осы "Катюша" шыққан соң Советтер жеңіске жете бастады деп айып жатады. Онымен келісесіз бе?
"Катюша" соғыс жылдарындағы ең мықты қарудың бірі. Ол алғаш рет ұрысқа 1941 жылдың шілдесінде қолданылған. Оны немістердің қолына түсірмес үшін жарып жіберіп отырған. Алайда, немістер оны қолға түсірді. Бірақ ондағы снарядтың құрамын білмеді. Мәселе, "Катюшаның" снарядында екен. Оны Кеңестің мықты физик мамандары 5-6 жылдық ғылыми жұмыстың нәтижесінде шығарған.
Соғыс кезінде Кеңес одағы жауынгерлері денесін оққа тосып, көзсіз ерлікке барғаны белгілі. Олардың осындай қадамға баруына не себеп болды. Шын мәнінде патриот болды ма әлде қатаң тәртіп солай етуге мәжбүр етті ме?
Иә, жауынгерлердің денесін оққа тосқан жағдайы көп болды. Егер артқа шегінсе, бәрібір атып тастайды. №227 бұйрық бойынша тапсырма берілді ме, ол орындалу керек. Арасында патриоттыққа шынымен берілгендер де болды. Олардың ойында бұл жауды жоймасам, ертең олар елімді ойрандайды деген түсінік болды. Соғыс жылдары сатқындық та, батырлық та, ерлік те барлығы қатар жүрді.
Кеңес Одағы халықтарының достығы осы жеңіске жетуде бірден-бір фактор болды деген фактор өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Өйткені, Германия соғыс бастаған кезде Кеңес Одағы ішінен тез ыдырайды деп ойлаған. Бірақ, коммунистік жүйенің сол кездегі мықтылығы сондай, ішкі тәртіп ондайға жібермеді. Әйтпесе, немістер тарапынан Одақты ыдыратуға бағытталған небір талпыныстар жасалды.
Бұл соғыс Одақ елдерінің барлығына ортақ болғанымен, қазір Ресей оны меншіктеп алғанадай, ол жайында не айтар едіңіз?
Қазір Ресей бұл жеңісті расында да жекешелендіріп алғаны рас. Оны олардың идеологиясынан, киносынан көруге болады. Бұрын 1945 жылдан кейін Кеңес Одағында соғыс туралы кино түсірілген екен. Онда негізгі үш кейіпкер, үш жігіт дос болады. Қазақ, орыс және грузин. Бұлар соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, жеңіске жетіп, Рейхстагқа ту тіккен екен. Ондағы орыс- бүкіл славяндардың образы, грузин - кавказдықтардың, ал қазақ - азиялықтардың образын білдірген. Бұл кино 1950 жылдардың ортасына дейін көрсетілген. Кейін Хрущев оны Сталиннің киносы деп прокаттан алып тастайды. Оның орнына басқа кинолар түсіріле бастайды. Онда орыс, армян, өзбектер түседі. Ал, 1991 жылдан бастап Ресей Федерациясы Кеңес Одағының тікелей мұрагері ретінде бұл соғыстағы жеңісті меншіктеп алды да, ендігі киноларында тек орыстар ғана соғысып, өздері ғана жеңіп жатыр. Кино режиссердің сценариі бойынша ойдан түсіріле береді. Дегенмен, оның құдіреті сондай, көріп отырған жас ұрпақ оны шындай қабылдайды. Яғни, олар жеңісті өзіміз ғана жасадық деген ойды өздерінің жас ұрпақтарының санасына сіңіріп жатыр. Бірақ өзге республикалар бұл соғысқа араласпағанда Ресейдің мемлекет ретінде қазір болу болмауы екіталай болар еді.
Әңгімеңізге рахмет!