Ер адам алаяқтық жолмен өзге азаматтарға 50 несие рәсімдеген

28 Сәуір 2021, 12:05
2370
Бөлісу:
Ер адам алаяқтық жолмен өзге азаматтарға 50 несие рәсімдеген

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға онлайн-несие беруді реттеуге қатысты сауал жолдады.

Соңғы жылдары елімізде халыққа шағын несие берумен байланысты алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті.
Бұл мәселе бойынша депутаттардың атына алаяқтардың ісіне тап болған азаматтар жиі шағым түсіреді. Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, онлайн несиені өзге адамға заңсыз рәсімдейді.
Ал ең сорақысы зардап шеккендер оларға рәсімделген несие туралы белгілі бір уақыттан кейін ғана, яғни коллекторлық агенттіктер мазалай бастаған кезде несиелік қарызының бар екенін біледі,- дейді Елнұр Бейсенбаев.

Ішкі істер органдарының ресми ақпараты бойынша, 2019 жылы интернет алаяқтықпен байланысты 7 732 қылмыс тіркелсе, ал 2020 жылы мұндай фактілердің саны екі есеге артып 14 110 қылмысты құраған.

2020 жылдың қорытындысы бойынша микрокредиттік ұйымдардың интернет-сайттары арқылы онлайн несиелерді ресімдеу бойынша 3 мың құқық бұзушылық жасалған. Сондай-ақ интернет арқылы кез келген азаматтың жеке кабинетіне қосылу арқылы, олардың пластикалық карталарындағы шоттарынан ақша ұрлау бойынша 2,2 мыңнан астам алаяқтық қылмыс тіркелген.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында ер адам алаяқтық жолмен өзге азаматтарға 50 несие рәсімдеген. Аталған ер адам алаяқтығын іске асыру үшін өзге азаматтардың жоғалған жеке куәліктерін пайдаланған. Мұндай нақты мысалдар микроқаржылық ұйымдардың онлайн қарыздарды берудегі жеке тұлғаны сәйкестендіру рәсімдерін реттеу жүйелерінің толық пысықталмағанын көрсетіп тұр. Осыған байланысты, жапа шеккен азаматтар өзінің кінәсіз екенін мойындатып, заңсыз несиені өшіру үшін 9 айға дейін соттасуға мәжбүр,- дейді депутат.

Бұл өз кезегінде жәбірленушінің несиелік тарихына зиян келтіріп, қолма-қол ақшасыз төлем жасауына кедергісін тигізеді.

Сондықтан ол агенттікке клиенттің сәйкестендіруін анықтауды күшейту бөлігінде микрокредиттік ұйымдардың онлайн несиелер беру бойынша рәсімдерін қысқа мерзімде қайта қарауды ұсынды:

Біріншіден, клиенттің биометриялық ерекшеліктерін сәйкестендіру процедураларын күшейтуді қарастыру қажет. Нақты уақыт режимінде кескінді тексеру және растау, яғни алаяқтардың бұрын дайындалған бейне немесе фото материалдарды қолдануы мүмкіндігіне жол бермеу.

Екіншіден, ақпараттық-бағдарламалық жүйелерді пайдалану арқылы онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде екі сатылы аутентификацияны енгізуді көздеу.

Өзгелердің жаңалығы