Эпиджағдай тұрақсыз. 700-ге жуық елордалықтан қызылша анықталған

22 Қараша 2023, 15:08
586
Бөлісу:
Эпиджағдай тұрақсыз. 700-ге жуық елордалықтан қызылша анықталған
Фото: BAQ.KZ - архив

Елордада қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз деп бағаланады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева мәлім етті.

Сөзінше, 22 қарашадағы мәлімет бойынша қызылша ауруы 1648 науқаста тіркеліп және 639 науқаста расталды. Оның ішінде ересектер арасында 123 жағдай, 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында 39 жағдай.

14 жасқа дейінгі балалар арасында 474 жағдай тіркелді, яғни 74 пайызды құрайды. Оның ішінде ең көп жағдай төрт жасқа дейінгі балаларға тиесілі, яғни 383 жағдай немесе 80%. Осы, 383 жағдайдың ішінде 90 жағдай, ол 1 жасқа дейінгі нәрестелердің арасында. Бұл балалар екпе алатын жасқа толмаған. Науқастардың ішінде қызылшаға қарсы екпе алғандар тек 5 пайызын құрады (34 жағдай), - деді Пірәлиева.

Департамент басшысының орынбасары атап өткендей, вакцина алмағандардың үлес салмағы 95 пайыз (605 жағдай). Оның ішінде:

- вакцинациядан өз еркімен бас тарту себебі бойынша 42,3 пайыз (256 жағдай);

- медициналық қарсы көрсетілімі бойынша 21,4 пайыз (129 жағдай);

- ересектердің 21,4 пайызында (130 жағдай) вакцинация туралы деректердің жоқ болуы.

- егу жасына жетпеген 1 жасқа дейінгі балалар 14,9 пайыз (90 жағдай)

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы екпе екі рет жүргізіледі: ол 1 жаста және 6 жаста.

Қызылша өте жұқпалы ауру. Ол көбінесе мектепке дейінгі балалар ұйымдарында, мектептерде, жоғары оқу орындарында жиі тіркеледі. Әсіресе вакцина алмаған балалар арасында басым, - деді ол.

Жанна Пірәлиева ұйымдасқан ұжымдардағы аурушаңдық көрсеткіштеріне жеке тоқталды:

- 66 балабақшада 106 жағдай расталды. Оның ішінде 96 бала екпесіз. Бүгінгі таңда 15 балабақша шектеу шараларын сақтай отырып, жұмыс жасауда.

- 37 мектепте 52 жағдай расталды. Оның ішінде 45-інде вакцинация болған жоқ.

- 5 жоғары оқу орнында 27 жағдай тіркелді.

Профилактикалық екпелерден бас тартудың көбеюі, медициналық қарсы көрсетілім бойынша және иммундаумен қамтудың төмендігі халықтың иммундық емес қабаттың пайда болуына әкеліп соқты. Егу жасына жетпеген 1 жасқа дейінгі балалар арасында қызылша ауруының көптеп тіркелуіне байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қаулы шығарды. Онда 6 айдан 10 ай 29 күнге дейін дейінгі балаларды егу көрсетілген. Бүгінгі таңда осы жастағы 2500-ден астам бала екпе алды. Осы орайда, ата-аналарды балаларыңыздың денсаулығына немқұрайлы қарамай, вакцина алуға шақырамын. Себебі, балаңыздың салауатты өмір сүруі сіздің жауапкершілігіңізде!, - деп түйіндеді Пірәлиева.

Өзгелердің жаңалығы