Эпидемиолог Маңғыстауда вакцинация бойынша түсіндіру қалай жүріп жатқанын айтты

13 Шілде 2021, 11:15
5027
Бөлісу:
Эпидемиолог Маңғыстауда вакцинация бойынша түсіндіру қалай жүріп жатқанын айтты
Фото: автордан

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Эпидемиолог Марал Қадыр Маңғыстауда вакцинация бойынша қандай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы айтты.

Сәуірден бастап 70 шақты мекемеге жеке өзім барып, кездесу өткіздім. Ол кездесулерге 3 мыңнан астам адам қатысты. Халықтың көкейінде сұрақ көп. Қызығушылық өте жоғары. Бүгінде  "Қаражанбас" мұнай-кен орнында кездесу өткіздім. Шараға онлайн форматта мекеменің барлық филиалы мен бас кеңселері де қатысты. Қызметкерлердің сұрақтары баршылық, - деді ол.

Маман вакцинация бойынша барлық сұраққа жауап бергенін айтты.

Тұрғындар арасында "вакцина алғаннан кейін бедеу болып қалады". "Одан кейінгі әсер күрделі болкы мүмкін". "Ол көмектеспейді", деген сияқты қате пікірлер бар. Біз олардың барлығын сейілтіп, сұрақтарға жауап бердік, - деді ол.

Маманның айтуынша, осындай түсіндіру жұмыстарынан кейін адамдардың вакцинацияға деген көзқарасы өзгереді. 

Марал Қадыр - Маңғыстау өңіріндегі иммуно-профилактика бойынша ДДСҰ-ның арнайы оқытуынан өткен жалғыз маман. Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстаннан 4 маманды оқытқан. 

Айта кетейік, Маңғыстау облысы қазір «қызыл» аймақта тұр. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Маңғыстау облысында бір тәулікте 4 адам коронавирустан қайтыс болған.

Ақтауда 63 адам індет жұқтырса, Мұнайлы ауданында - 32, Маңғыстау ауданында - 3, Түпқараған ауданында - 9, Қарақия ауданында - 14, Жаңаөзенде 20 адам індет жұқтырған. Науқастардың ішінде 84 адамда симптомы бар, 57-сінде симптомсыз індет анықталған.

Ал облыста коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырғандар саны 4 есеге артқан. 

Маңғыстау облысы бойынша вакцина алғандардың жалпы саны 121 515 адам.

Оның ішінде бірінші компонент алғандар саны 80119 адам, ал екінші компонент алғандар саны 41396 адам.

Маңғыстауда COVİD-19-ға қарсы екпе алу биыл 2 ақпанда басталды. Егер 5 айда вакцина алғандар саны 60 мыңнан асса, соңғы екі аптада 20 мыңға жуық адам ерікті түрде екпе салдырды. Осылайша, жыл басынан коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны 80 мыңға жуықтаған.

Өңірде ұжым болып екпе жасатқандар көбейген. Мектеп, аурухана, балабақша, кітапхана, дәмхана, коммуналдық қызмет жұмысшылары халықты вакцина алуға шақырып, бейнеүндеу жолдауда.

Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Екпе жұмыстарын жүргізуге 547 медицина қызметкері аттестациядан өткізіліп, дайындалды.

Өзгелердің жаңалығы