Қазақстан мен Еуропалық одақ виза рәсімін жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдерге қол қою алдында қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді бастады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі хабарлауынша, келісімдер күшіне енген жағдайда Қазақстан азаматтары үшін Еуроодақ елдерінің визасын алу тәртібі жеңілдейді. Атап айтқанда, визалық өтінімдерді қарау мерзімі қысқарып, көп мәртелік виза алу мүмкіндігі кеңейтіледі және талап етілетін құжаттар саны азаяды.
Министрлік бұл келіссөздердің аяқталуын Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың маңызды практикалық нәтижесі деп бағалады. Келісімдерге қол қойылуы іскерлік, білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарды нығайтып, азаматтар арасындағы қарым-қатынасты дамытуға серпін береді деп күтілуде.
Бұған дейін Урсула фон дер Ляйен Қасым-Жомарт Тоқаевмен Брюссель қаласында өткен кездесуде аталған келісімдер бойынша келіссөздердің іс жүзінде аяқталғанын мәлімдеген болатын.