Еуропалық Одақ (ЕО) Ресеймен байланысы бар 1,6 мыңнан астам компанияға қатысты жаңа санкциялар пакетін дайындап жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі шектеу шараларын әзірлеу барысымен таныс дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Егер бұл ұсыныс мақұлданса, аталған пакет ЕО санкциялық тізіміне енгізілетін компаниялар саны бойынша ең ауқымды шаралардың бірі болуы мүмкін. Bloomberg мәліметінше, тізімге енуі ықтимал кәсіпорындардың жалпы жылдық кірісі 20 млрд доллардан асады, ал оларда шамамен 265 мың адам еңбек етеді.
Жаңа шектеулер пакетін Еуропалық сыртқы байланыс қызметі бірнеше айдан бері әзірлеп келеді. ЕО өкілдері санкция салынбаған Ресейдің қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын, сондай-ақ Мәскеумен байланысты басқа да ұйымдарды қамтуды қарастырып отыр.
Агенттік дереккөздерінің айтуынша, жаңа шаралардың экономикалық ықпалы мұнай саласы мен банк секторына бағытталған бұрынғы санкциялармен салыстырғанда төмен болуы мүмкін. Жоба алдағы апталарда ЕО елдерінің қарауына ұсынылып, түпкілікті шешім қазан айында сыртқы істер министрлері деңгейіндегі кездесуде қабылдануы ықтимал.
Бұған дейін 23 шілдеде ЕО Кеңесі Ресейге қарсы 21-ші санкциялар пакетін бекіткен болатын. Ол 48 жеке тұлғаға, 170 ұйымға және 94 ресейлік банк пен ірі қаржы институттарына қатысты шектеулерді қамтыды.
Сонымен қатар, Еуропарламенттегі Австрияның Бостандық партиясы делегациясының жетекшісі Гаральд Вилимский жаңа санкциялар қақтығысты тоқтатуға ықпал етпей, оның ұзаққа созылуына әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, санкциялық саясаттың экономикалық салдары Еуропа елдерінің өзінде де барған сайын сезіле түсуде.