ЕО-да мұнай компанияларының үстеме пайдасына жаңа салық салу ұсынылды

ЕО-да мұнай компанияларының үстеме пайдасына жаңа салық салу ұсынылды

 istockphoto.com 23 Тамыз 2026, 20:17
23 Тамыз 2026, 20:17
165
Фото: istockphoto.com

Еуропалық одақтың алты елі мұнай компанияларының үстеме пайдасына ЕО көлемінде бірыңғай салық енгізуді ұсынды. Бастама Таяу Шығыстағы соғыс жағдайында энергетика секторы кірісінің күрт өсуі және өмір сүру құнының қымбаттауымен байланысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Германия, Италия, Австрия, Польша және Португалияның қаржы министрлері Испанияның экономика министрімен бірге қазіргі уақытта ЕО-ға төрағалық етіп отырған Ирландияның қаржы министріне ұжымдық хат дайындады.

Бастама авторлары мұнай компанияларына қосымша алым енгізу мәселесін келесі айда Дублинде өтетін Еуроодақ қаржы министрлерінің кездесуінде талқылауды ұсынып отыр.

Хат жобасында мұнай компанияларының табысы мен мұнай өнімдерінен түсетін маржа шикі мұнай бағасына қарағанда әлдеқайда жылдам өсіп жатқаны айтылған. Сонымен қатар энергия ресурстарының қымбаттауы тұтынушыларға түсетін қаржылық салмақты арттырып отыр.

Біз соңғы онжылдықтардағы ең ірі ұсыныс дағдарыстарының бірін бастан өткеріп жатырмыз. Бүкіл әлемде өмір сүру құнының өсуіне наразылық күшейіп келеді, - делінген құжатта.

Алты ел ЕО үшін үстеме пайдаға салық салудың бірыңғай тетігін құруды талқылауды ұсынып отыр. Оны әзірлеу кезінде Украинадағы соғыс басталғаннан кейінгі энергетикалық дағдарыс жағдайында Еуроодақ 2022 жылы енгізген уақытша алым тәжірибесін ескеру ұсынылады.

«Дағдарыс кезінде түскен үстеме пайда тұтынушыларға қайтарылуы тиіс»

Бастаманы қолдаушылардың бірі – Германияның қаржы министрі Ларс Клингбайль. Ол бұған дейін энергетикалық компаниялар тұрақсыз жағдайды пайдаланып, тұтынушылар есебінен шамадан тыс пайда таппауы керек екенін айтқан.

Германияның Қаржы министрлігі де компаниялардың дағдарыс кезінде тапқан үстеме табысы қандай да бір жолмен тұтынушыларға қайтарылуы тиіс деп есептейді.

Ірі энергетикалық компаниялардың кірісі ақпан айында АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталғаннан кейін айтарлықтай өсті. Бұл жағдай әлемдегі мұнай тасымалының аса маңызды бағыттарының бірі – Ормуз бұғазы арқылы теңіз тасымалының елеулі іркілістеріне әкелді.

Алайда Еуроодақта жаңа салыққа қатысты әзірге ортақ ұстаным жоқ. Euronews мәліметінше, талқыланып жатқан хат әлі түпкілікті келісілмеген және қазіргі уақытта жоба күйінде қалып отыр.

Жекелеген мемлекеттердің ішінде де бұл мәселеге қатысты пікір қайшылығы бар. Германияда Ларс Клингбайль мүше Социал-демократиялық партия үстеме пайдаға салық енгізу идеясын қолдайды. Ал канцлер Фридрих Мерц пен ол басқаратын Христиан-демократиялық одақ мұндай шараға қарсы.

Наверх