Қазақстан мен Қытай жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Қазірдің өзінде жел және күн электр станциялары, энергия жинақтау жүйелері мен қалдықтарды өңдеу бағытында бірқатар жоба қолға алынған. Бұл туралы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь журналистерге арналған брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дипломаттың айтуынша, соңғы жылдары екі елдің жаңартылатын энергия көздері саласындағы әріптестігі жедел қарқынмен дамып келеді. Тараптар жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру жөнінде үкіметаралық келісімге қол қойған. Бұл құжат екі ел кәсіпорындарының Қазақстанда жел және күн энергетикасы жобаларына инвестиция салуына құқықтық кепілдік пен мемлекеттік қолдау тетіктерін қамтамасыз етеді.
Қазірдің өзінде бірқатар маңызды жоба іске асыру кезеңіне өткен. Мәселен, биыл Павлодар облысында қуаты 1 ГВт болатын, энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр станциясының құрылысы басталды, - деп айтты Хань Чуньлинь.
Елшінің пікірінше, бұл жоба Қазақстанның энергетикалық құрылымын трансформациялауға ықпал етеді.
Сонымен қатар Алматы облысындағы Шелек жел электр станциясы 2022 жылы толық қуатында электр желісіне қосылған. Станция осы уақытқа дейін 764 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндірген. Бұл нысан еліміздің оңтүстігіндегі электр энергиясы тапшылығын азайтуға үлес қосып келеді.
Бұдан бөлек, Саран қаласында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясы мен энергия жинақтау жүйесін біріктіретін жоба жүзеге асырылуда. Бұл – Қазақстандағы күн энергиясын өндіру мен жинақтау технологиясын ұштастырған алғашқы ірі жоба әрі жеке белгіленген қуаты бойынша әзірге елдегі ең ірі нысан. Ол Қазақстан мен Қытайдың бірлескен инвестициясы есебінен салынып жатыр және екі елдің жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастығының негізгі жобаларының бірі саналады, - деп айтты дипломат.
Сондай-ақ Астанада энергетикалық-экологиялық парк жобасының құрылысы жүріп жатыр. Нысан жылына шамамен 540 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықты өңдеуге есептелген. Жоба қалдықтарды басқарудың экологиялық баламасын ұсынып, «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруға ықпал етпек.
Хань Чуньлиннің айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың жаңартылатын энергетика саласындағы ынтымақтастығы жекелеген жобаларды іске асырумен шектелмей, энергетика, өндіріс және технологияны қамтитын толыққанды әріптестікке ұласып келеді.
Атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық
Елші екі елдің атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимылына да тоқталды.
Оның сөзінше, Қазақстан мен Қытай атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық отын циклі саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және технологиялық алмасу бағыттарында бірлескен жұмысты дамытуда.
Атом энергетикасы саласындағы үйлестіру мен өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ практикалық ынтымақтастық ауқымын кеңейту екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін маңызды, – деді Хань Чуньлинь.
Дипломаттың пікірінше, жаңартылатын энергия көздері мен атом энергетикасы бағыттарындағы бірлескен жобалар Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді.