Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында Азия даму банкінің Бас директоры Евгений Жуковпен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Министр Банктің Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға, озық технологияларды енгізуге және тұрақты шешімдерді дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Қазақстан Үкіметі мен Азия даму банкі басшылығы арасындағы келіссөздердің қорытындыларына ерекше назар аударылды. Олардың нәтижесінде 2026-2029 жылдары жалпы сомасы шамамен 5,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 жобаны іске асыруды көздейтін меморандумға қол қойылды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі ретінде жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту айқындалды. Осы тұрғыда 2024 жылы қабылданған «Жылу энергетикасы туралы» заңның маңыздылығы атап өтілді, ол саланы дамыту үшін заманауи нормативтік негіз қалыптастырды.
Тараптар сондай-ақ өңірлердің жылумен жабдықтау схемаларын әзірлеу бойынша бірлескен жұмысты талқылады. Бұл шаралар энергия тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға және ЖЭО, қазандықтар мен жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған.
Декарбонизация және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, газ шешімдері, жылу энергиясын жинақтау жүйелері және желілерді цифрлық басқару бағыттары қарастырылды.
Сонымен қатар электр желілерін дамыту, Smart Grid шешімдерін енгізу және жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артқан жағдайда энергожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін энергия жинақтау жүйелерін дамыту перспективалары талқыланды.
Тараптар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды кеңейтуге, жеке инвестицияларды тартуға, тарифтік саясатты жетілдіруге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамытуға және кадрлар даярлауға қатысты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға сенім білдірді.