Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шығыс пен солтүстікті газдандыруға қажеттіліктің барын жоққа шығармаймыз. Бір уақытта барлығы жүзеге аса қалмайтыны түсінікті. Екіншіден, кейбір өңірлер жеке тәсілдерді талап етеді. Мысалы, Риддерді жағдайды алатын болсақ. Егер қазандықты ауыстыру қажеттілігі бар болса, оны ауыстыруға тура келеді. Ал егер қандай да бір жаңа отын түрін, мысалы, газды қолдану қажет болса, көмірмен жанатын жаңа қазандықты босқа іске қоспас үшін, мұның барлығын ескерту қажет, - деді ведомство басшысы Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда журналистерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар министр Риддерде жаңа жылу электр орталығын салу мүмкіндігіне қатысты пікірін ортаға салды.
Есептеу қажет. Бұл жай ғана жылу және электр энергиясын қоса салу емес. Мұндай қажеттілік көптеген өңірлерде бар. Ол жерлерде ескірген стансаларды, тозған желілерді ауыстыру керек, - деді Болат Ақшолақов.
Еске сала кетейік, бұған дейін сенаторлар еңбек қауіпсіздігі талаптарын күшейтетін заң әзірлегені туралы жазған болатынбыз. Сенат спикері Мемлекет басшысының Қарағанды облысындағы шахтада орын алған апатты жете зерттеу бойынша берген тапсырмасы бар екендігін еске салды.