Қазақстан 2029 жылға дейін электр станцияларының қуатын 13,3 ГВт-қа арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, жоспарланған жаңа қуаттардың 7,4 ГВт-ы дәстүрлі энергия көздеріне, ал 5,9 ГВт-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі болады.
Жобалар іске асқаннан кейін еліміздің қолда бар энергетикалық қуаты сұраныстан 20%-ға артық болады деп күтілуде.
Алайда қазір бірқатар жобаның іске асу мерзімі кешігіп жатыр.
Атап айтқанда, қуаты 544 МВт болатын Алматы ЖЭО-3 жаңғырту жобасы кестеден қалып келеді. Бұдан бөлек, Түркістандағы қуаты 926 МВт газ электр станциясы белгіленген мерзімде толық пайдалануға берілмейді. Биыл оның тек 190 МВт қуатын іске қосу жоспарланып отыр. Осыған байланысты биыл жоспарланған 2,66 ГВт жаңа қуаттың орнына небәрі 1,27 ГВт қуат іске қосылады, – деп атап өтті Бақытжан Ілияс.
Сонымен қатар биылдан бастап жеті жылға арналған электр энергиясының болжамды балансы әзірленеді. Бұл ретте ірі инвестициялық жобалардың, соның ішінде деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект инфрақұрылымының электр энергиясына деген қажеттілігі ескеріледі.
Жаңа электр станциялары уақытылы іске қосылған жағдайда, 2027 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 134,1 млрд кВт·сағ-қа жетеді деп болжанып отыр. Ал тұтыну көлемі 132,8 млрд кВт·сағ болады деп күтілуде. Осылайша, электр энергиясының 1,3 млрд кВт·сағ көлемінде профициті қалыптасады, – деді вице-министр.
Белгілі болғандай, 2028 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 143,4 млрд кВт·сағ-қа жетеді деп болжанып отыр.