Көлік министрлігі әуе көлігімен жолаушыларды тасымалдау қағидаларына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Жоба бойынша, алғаш рет нормативтік деңгейде жолаушылардың музыкалық аспаптарды әуе кемесінің салонында қол жүгi ретінде алып жүру құқығы бекітіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа талаптарға сәйкес, музыкалық аспаптар (соның ішінде домбыра мен қобыз) футлярда тасымалдануға тиіс. Олардың өлшемі 110×35×30 см-ден, ал салмағы 10 кг-нан аспауы қажет.
Егер жолаушы тек бір музыкалық аспаппен сапар шексе, ол қол жүгi ретінде тегін тасымалданады. Ал аспап қосымша жүк ретінде рәсімделсе, белгіленген нормадан асқан жағдайда әуе компаниялардың қолданыстағы тарифтері бойынша ақы алынады, – делінген хабарламада.
Министрлік бұл өзгерістер азаматтардың өтініштері негізінде әзірленгенін атап өтті. Жоба жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, әуе тасымалында музыкалық аспаптарды алып жүру тәртібін нақтылауға бағытталған.
Түзетулерді қабылдау 2026 жылғы мамыр айының соңына дейін жоспарланып отыр.