Енді студенттер оқуға түсу үшін құжатты БҒМ-нің платформасы арқылы тапсырады

24 Мамыр 2022, 14:41
1544
Бөлісу:
Енді студенттер оқуға түсу үшін құжатты БҒМ-нің платформасы арқылы тапсырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді студенттердің құжаттарын университеттерге қабылдау БҒМ-нің платформасы арқылы жүргізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Оқу жылы аяқталып жатыр. Енді қорытынды емтихан өткізіп, диплом беру жұмыстары басталады. Одан кейін өте маңызды кезең басталады. Көбі жазда оқу орындарында сабақ аяқталып, демалысқа кетеді деп ойлайды. Алайда жазда ең қызу жұмыс басталады. Әсіресе, мектептерде, колледждер мен университеттерде. Өйткені жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары мен қабылдау науқаны өтеді, - деді министр.

Аймағамбетов осы жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Биыл құжат қабылдау Білім және ғылым министрлігінің арнайы цифрлық платформасында өтеді. Ол тек грантпен оқуға түсетін азаматтар үшін ғана емес, сонымен қатар ақылы бөлімге түсетін студенттер де осы бірыңғай оқу жүйесі арқылы оқуға құжаттарын тапсырады. Сондықтан барлық ЖОО-ға осы мәселені тағы бір мәрте ескертемін: енді бұрынғыдай құжатты «кейінірек алып келесің» немесе кейбір құжаттары сәйкес болмаса да, оны қабылдай беретін уақыт аяқталды, - деп түсіндірді білім басшысы.

Оның айтуынша, грантқа түскен студентке де, ақылы бөлімге түскен студентке де құжат тапсыруға бірдей талап қойылады.

Өзгелердің жаңалығы